Астаналықтар су үшін артық ақша төлеп жүргеніне шағымданды: «Астана Су Арнасы» не дейді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғындары коммуналдық түбіртектердегі су төлеміне қатысты шағымданды. Қала тұрғындарының бірі отбасы су үшін 80 мың теңгеден астам артық төлегенін айтты. «Астана Су Арнасы» кәсіпорны есептегіш көрсеткіштерін уақытылы берудің маңызын түсіндіріп, төлемнің дұрыстығын қалай тексеруге болатынын айтты.
— Өзіміз де байқамай, 80 мың теңге артық төлеппіз. Енді су есептегіштерінің көрсеткішін ай сайын өзіміз жазып алып, нақты тұтынған көлемге сай төлеу үшін «Горводоканалға» жіберу керек екен. Ал біз түбіртектерге сеніп, төлей бердік. Неге бұл туралы алдын ала ешкім ескертпейді? — деп жазды Астана тұрғыны.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі «Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК-дан түсініктеме алды.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін төлемді дұрыс есептеу мақсатында тұтынушыларға суық және ыстық су есептегіштерінің көрсеткіштерін ай сайын тапсыру ұсынылады.
Мұны тиісті радиомодуль болған жағдайда қашықтан, байланыс орталығы, WhatsApp және Telegram боттары, ресми сайт, сондай-ақ басқа да белгіленген арналар арқылы жасауға болады.
— Есептегіш көрсеткіштерін уақытылы тапсыру судың нақты тұтынылған көлеміне қарай төлем есептеуге және болжамды есептеулердің алдын алуға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді кәсіпорын.
Егер тұтынушы есептегіш көрсеткіштерін тапсырмаса, төлем 2025 жылғы 16 қазанда бекітілген сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу әдістемесіне сәйкес есептеу жолымен шығарылады.
Сондықтан түбіртектегі сома судың нақты тұтынылған көлемінен өзгеше болуы мүмкін. Нақты көрсеткіштер алынғаннан кейін салыстыру жүргізіліп, тиісті қайта есептеу жасалады.
Есептегіш көрсеткіштері ұзақ уақыт бойы тапсырылмаса, кәсіпорын өкілдері бақылау кезінде судың нақты шығынын қазіргі және бұған дейін тіркелген көрсеткіштердің айырмасы бойынша анықтайды. Осы мәліметтер негізінде тиісті кезеңдердегі төлемдер қайта есептеледі.
«Астана Су Арнасы» мамандары артық төлемнің бар-жоғын қалай тексеруге болатынын да түсіндірді. Ол үшін тұтынушылар есептегіштердің нақты көрсеткіштерін Бірыңғай есеп айырысу орталығының (БЕАО) түбіртектеріндегі мәліметтермен салыстыруы керек.
Айырмашылық анықталса, «Астана Су Арнасына» жүгіну қажет. Мамандар тапсырылған көрсеткіштерді, есептелген төлемдерді және судың нақты шығынын тексереді.
Қате есептелгені анықталса, төлем қайта есептеледі. Артық төленген сома тұтынушының жеке шотында сақталып, келесі төлемдерге есептеледі.
Кәсіпорын өкілдері төлем мен қайта есептеуге қатысты өтініштердің әрқайсысы жеке қаралатынын айтты. Қате есептелген сомалар анықталған жағдайда оларды түзету шаралары қабылданады.
«Астана Су Арнасы» тұрғындарға есептегіш көрсеткіштерін тұрақты түрде тапсырып, құрылғылардың техникалық жағдайын қадағалауды және төлемге қатысты сұрақтар туындаса, уақытылы салыстырып тексеруге өтініш беруді ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда келер жылдан бастап асу тарифі — 38%, ал кәріз қызметі 12% қымбаттауы мүмкін екенін хабарлағанбыз.