Астаналық ардагерлер тыл еңбеккерлерін ҰОС қатысушыларына теңестіріп, «соғыс балалары» жаңа терминін енгізуді ұсынды

Бүгін Астана әкімдігінде елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен қалалық ардагерлер ұйымының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Оның барысында Ардагерлер ұйымының төрағасы Қуаныш Алпысбеков, тыл еңбеккерлерін зейнетақы мен жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестіруді ұсынды.
«Отан соғысының қатысушылары дүниеден озған сайын, тыл еңбеккерлерінің проблемалары алдыңғы кезекке шығып келеді. Олардың ең жасы бүгінде 75-тен асып отыр. Әскери қимылдарға қатысқан ардагерлеріміз сияқты олардың да қатары сиреп барады», - деді ол.
Сондай-ақ Қ.Алпысбеков, 1936-1945 жылдары туған қариялар үшін «соғыс балалары» терминін енгізіп, оларға жеке мәртебе беру бастамасын көтерді.
«Тыл еңбеккерлері ретінде жәрдемақыны 1936 жылға дейін туған азаматтар алып отыр. Шынтуайтында, олардың сол кездегі жастарын ескерсек, олар тыл еңбеккерлері бола алмайды. Негізінен олар «соғыс балалары». Қазір бізде мұндай ұғым мен дәреже жоқ. Бұл екі ұғым арасында ешбір айырма жоқ. Негізінде 1936-1945 жылдары туған балалар, тыл еңбеккерлерінің маңдайына тиген ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Алдағы кезекті съезде Үкіметке «соғыс балалары» арнайы терминін енгізу ұсынысын жасау қажет. «Соғыс балалары» бұл -әкесіз, тіпті ата-ананың екеуінен де айырылған балалар. Зардап шеккен, қартайған «соғыс балалары» мемлекеттен одан да сүбелі көмектер мен қолдауларды күтеді», - деп түйіндеді сөзін ол.