Астаналық балалар суға жүзуге машықтанбаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы жазғы демалыс кезінде 99 бала суға кетіп, мерт болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астаналық балалар суға жүзуге машықтанбаған

«Жазғы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Былтыр балаларға қатысты болған оқиғалардың негізгі себептері ата-аналардың дұрыс бақыламауы және қауіпсіздік шараларын сақтамауы болып саналады. Оның ішінде арнайы назар аударатын мәселе - шомылу маусымы. Өткен жылы 99 бала суға кеткен»,-  деді министр.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, осыған байланысты министрлік Ішкі істер министрлігімен бірге балаларды жүзуге үйретуді ұйымдастыру жөніндегі ведомтсвоаралық жоспар қабылдаған. Оның негізінде әрбір мектепте жүзу бассейні бекітіліп, жүзудің негізін үйрету көзделген.

«Осы жоспарға сәйкес республика бойынша 1-10 сыныпта оқитын  балалардың жүзу негізін үйренуге  қатысу көрсеткіші 5 пайызға өсіп, 15 пайызға жетті. Бірақ, облыс арасындағы айырмашылық көрініп отыр. Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында 70 пайыз болса, ең төменгі көрсеткіш Алматы, Жамбыл облыстарында және  Астана қаласында 1-2 пайыз ғана. Өте маңызды мәселе. Әкімдердің осыған назар аударуын сұраймын»,-  деді ол.

Айта кетерлігі, Ерлан Сағадиев сонымен қатар балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін қабылдануы тиіс шараларды да атап өткен болатын.