Астаналық кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігі мен жер қатынастары саласындағы жаңа нормалармен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік орган өкілдері Астана қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, онда кәсіпкерлікке қатысты заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы хабардар етті.
None
None

Атап айтқанда, «Кәсіпкерлік сағат» жобасы аясында елордалық бизнес өкілдері Сәулет және қала құрылысы басқармасының, Жер қатынастары басқармасының және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдеріне сұрақтар қойып, жауаптарын алды. Бұл туралы Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Айта кетерлігі, кәсіпкерлік қызметті жақсартудың түбегейлі шаралары туралы Елбасы Жарлығын орындау мақсатында жыл басынан бері кәсіпкерлікке қатысты біршама кедергілер жойылған болатын. Мәселен, егер бұған дейін кәсіпкерлер қабылдап алу актілері арқылы өртке қарсы дабыл жүйесін өткізіп тұратын болса, бұл норма алынып тасталған. Қазіргі таңда ғимараттар бойынша оларды тек жоспарлы тексеру барысында ғана өткізуге болады. Ал жаңадан іске қосылған нысандарда бұл қабылдап алу комиссиясының құрамында қарастырылады. Бұдан бөлек, 2016 жылдың қаңтарынан бастап қабылдау комиссияларының құрамынан мемлекеттік өртке қарсы қызмет алынып тасталады. Яғни, барлық жауапкершілік тапсырыс беруші мен жобалаушының арасында қалады.

«Кәсіпкерлік сағат» диалогтық алаңы бизнесмендерге өздерінің өзекті санайтын мәселелерін жергілікті билік өкілдеріне тікелей қойып, соған жауап алу мүмкіндігін туғызып келеді. Шара барысында бизнесмендерді көбінесе нысандарды өрт қауіпсіздігі бойынша аттестациялау, жалпыға ортақ қабылданған нормаларды сақтамағаны үшін қарастырылатын әкімшілік жауапкершіліктер, елордада жер учаскелерін бөлудегі қиындықтар секілді мәселелер толғандыратыны байқалды. Сәулет және қала құрылысы мәселелері бойынша тараптар кәсіпкерлердің өтініштерін жедел тәртіппен қарау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», - делінген баспасөз баянында.

Өз кезегінде мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлерге өздерінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, заң нормаларындағы жаңалықтарға қатысты түсініктер берді.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлерге өзекті мәселелерді шешуге қатысты әрдайым көмекке әзір екендіктерін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар