Астаналық қыздарды алдап, оңай олжа табумен айналысқан алаяқ ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО-дан келіп Астанада тұрып жатқан 30 жасар жігіт оңай олжа табу мақсатымен қыздармен танысып, оларды тонаумен айналысқан.

Астаналық қыздарды алдап, оңай олжа табумен айналысқан алаяқ ұсталды

Астана қалалық ІІД-ге 5 азаматшадан осындай шағым түскен. Бірінші арызданған қыздың жігіт 60 мың теңгесін қолды қылса, екіншісін суши-барға шақырып, сол жерде телефонын сұрап, телефонын да қайтармай, тамағының да ақшасын төлемей ізім-ғайым жоқ болған.

30 жастағы жігіттің арбауына түскен тағы бір әйел онымен Орталық саябақта танысыпты. Үш күндей жаңа танысының көңілін аулаған ол оны қонақ үйге шақырған екен. Ол жерден жігіт қызбен қош айтыспастан оның асыл бұйымдарын, ұялы телефоны мен 194 мың теңгесін алып «зытып» кеткен. Дәл осы азаматтың кесірінен тағы бір нәзік жанды 200 мың теңгелік ұялы телефонынан айырылды. Тергеу барысында ұсталған азамат ұрлаған заттарын алыпсатарларға сатып, сол ақшаға пәтер жалдап тұрғанын мойындады. Полицейлердің болжамы бойынша, бұл жігіттен 5 қыз емес, бұдан да көп қыздар жапа шекті. Тек олар жариялылықтан қорқып, тәртіп сақшыларына шағымданбай отыруы мүмкін. Қазіргі уақытта М. азаматы Астана қалалық ІІД Тергеу изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 178бабы 2-тармағы («Тонау» ) мен 177-баптың 1,2-тармағына («алаяқтық») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Дәл осындай жағдайға душар болғандар болса, 71-60-24, 70-60-28, 71-60-10 хабарласуларыңызды сұраймыз.