Астаналық нейрохирург Оралда шеберлік дәрісін өткізді
жоғары санатты нейрохирург Талғат Керімбаев Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында шеберлік дәрісін өткізді.
Оның айтуынша, озық технологияға негізделген құрал-жабдықтар Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасына алынуда. Енді кәсіби біліктілікті көтере беру керек. Мұнда бірінші ота мойын омыртқа шеміршегіне америкалық жүйе бойынша жасалды. Инновациялық негізде жасалған бұл ота - ТМД аумағында тек Қазақстанда ғана жүзеге асатын ем-домдық тәсіл. Әдісі - жұлынның қысымы босатылып, шеміршек алынады. Орнына имплантант салынады. Екінші ота омыртқаның жылжуына жасалды. Дегереницикалық өзгерістерден омыртқа жылжып, жүйке қысылып қалып жатады. Жасанды имплантант, омыртқаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін конструкциялар қойылады. Екеуі де сәтті өтті. Жабдықтардың мүмкіндігіне сай ота жасау жалғасады.
Астанадағы «Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталықта» шетелдің мықты ғалымдары шақырылып, шеберлік дәрістері, семинар-кеңестер, оқу курстары өткізіліп тұрады. 2008 жылы ашылған орталыққа бүгіннің өзінде 40 шақты инновация енгізілген. Әлем нейрохирургтары қауымдастығының съездері, әлем нейрохирургтарының ХХ конгресі өтті. Енді орталықтың хирургтары олардан үйренген ілімін осылай барлық аймақтың мамандарына таратуда.
Ғылым докторының Оралда өткізген оталарына облыстық аурухананың хирургтары қатысып, тиісті машық алды. Мұндай күрделі оталар бұдан әрі облыстық ауруханада жасала беретін болады.