Астаналық ойын-сауық орындары темекі шегуге тыйым салу жөніндегі заңнамаларды белден басып отыр

Бұл туралы бүгін осы мәселе бойынша арнайы журналистермен кездескен «Есірткісіз болашақ» корпоративті қорының баспасөз хатшысы Светлана Пенькова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, рейд шараларын «Есірткісіз болашақ» қорының өкілдері Астана қалалық Ішкі саясат департаментінің ұйымдастыруымен және Астана қалалық Ішкі істер департаменті өкілдерінің қолдауымен тамыздың 13-і мен 15-і аралығында жүргізген.
«Рейд шаралары екі бағытта жүрді. Оның біріншісі рұқсат етілмеген орындарда темекі шегумен байланысты болса, екіншісі сағат түнгі
23-00-ден кейін ішімдік сатуға қатысты болды. 3 күн ішінде 20 ойын-сауық орындары тексеріліп, олардың 6-нан құқық бұзу әрекеттері анықталды. Олардың арасында елордадағы «Жайық», «Мария», «Гота», «Челси» дәмханалары бар», деді баспасөз хатшысы.
Оның сөзіне қарағанда, рейд жұмыстарының барысында аталған ойын-сауық орны иелерінің заңға шектен тыс немқұрайдылықпен қарайтындығы байқалды. «Басқаша айтқанда, тексерілген нысандарда азаматтар заңмен рұқсат етілмегендігіне қарамастан, темекіні емін-еркін шегіп отырды. Ал ойын-сауық орнының иелері олардың заң бұзғандығын ескертпеген, керісінше олардың темекі шегулеріне қолайлы жағдай тудырған. Сонысына қарамастан олар өздерінің кемшіліктерін мойындамай, бар бәлені темекі шегішулердің өздеріне жапты. Заң бойынша рұқсат етілмеген жерде темекі шеккен адам кінәлі болып есептеледі. Ал ойын-сауық иесіне бұл ретте ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан қолданысқа жаңа енген заңда ойын-сауық нысаны иелерінің де жауапкершіліктерін қарастырған жөн», деді С.Пенькова.
Сондай-ақ ол сөзінде, еліміздегі көптеген азаматтардың аталған заңдардан хабардар еместігін жеткізіп, бұл мәселелерді қалың көпшіліктің жеткілікті білуі үшін үгіт-насихат жұмыстарын кешенді жүргізу қажеттігін айтты.