Астаналық режиссердің «Тұзақ» атты триллері көрерменге жол тартты

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Астаналық жас режиссер Мирас Төлеуханның «Тұзақ» атты триллер жанрындағы тырнақалды туындысы еліміздегі кинотеатрлардың экранынан көрсетіле бастады.
None
None
Фильм ойдан шығарылған. Сюжет бойынша Астанада тұратын бір наркобарон өзінің «тұзағына» елордалық «алтын жастарды» тарта бастайды. Есірткінің шырмауына түскен қыз-жігіттердің саны күннен-күнге арта береді. Тағдыр айдауымен осындай бір тұзаққа Талант (Ғани Әжікенов) пен Арна (Үмида Мұхитдинова) атты жас жұбайлар да түседі. Осыдан кейін шаңырақтары шайқалғанына қарамастан, олар қылмыскерлерге қарсы тұрады. Мафиядан қаша жүріп, екеуі махаббаттары мен адалдықтарын сын тезіне салады. Туындының режиссері әлі жас екенін және бюджетінің көп еместігін ескерер болсақ, фильмді тәп-тәуір деп атауға болады. Тырнақалды туынды болғандықтан, ара-арасында аздаған кинематографиялық қателер кеткен. Дегенмен, режиссер фильмде есірткінің адамға тигізетін үрейлі зиянын толығымен ашып көрсеткен. «Менің фильмім толығымен есірткіге қарсы бағытталған. Оның негізгі айтар ойы - «есірткі - зұлымдық». Біз мұнда егер есірткі елордамызға дендеп еніп алатын болса, адамдарға не болатынын көрсеткіміз келді. Сондай-ақ, туындыда махаббат пен адалдыққа, достық пен жанашырлыққа да орын беріліп, қорқыныш пен жаман әдеттерге қарсы күрес дәріптеледі», - деді М. Төлеухан ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Толығымен кәсіби емес актерлерден жасақталған актерлік құрамда өз рөлін алып шыға алмаған бір де бірі жоқ деуге болады. Олар ойнаған кейіпкерлердің өздеріне ұқсас адамдар болуы мүмкін емес, көбі өздеріне мүлде кереғар кейіпкерлерді сомдады. Сонда да барлығын өз орнымен ойнап шықты. «Өзім де кинодағы әуесқой болғандықтан, тек кәсіби емес актерлерді жинауды мақсат еттім. Астанада киноға түскісі келетін талантты қыз-жігіттер өте көп екен. Олардың көбісінің Алматыға барып, кастингке қатысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан сол мүмкіндікті мен Астанада ұсынғым келді», - дейді режиссер. Фильмнің түсірілім жұмыстары 2 жылға жуық созылған. Режиссердің айтуынша бұл жұмыс ол үшін нағыз сынақ болды. Енді оның болашаққа деген сенімі артып, карьерасын жалғастыра түспек. Оның келесі жобасы - Астанадағы романтикалық комедия. «Тұзақты» түсіру мен үшін өте қиын болды. Алайда айналама жиналған командам көп жәрдем берді және елордалық киноның сәтті шығуына атсалысты. Бір жағынан біздің де кино түсіре алатындығымызды көрсеткіміз келді», - деп түйді ол.
Соңғы жаңалықтар