Астаналықтар Ауған соғысының құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды

Іс-шараның ресми бөлімінде Халық каһарманы, генерал-майор Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды бүгінгі мерекемен құттықтады. «Қазақ халқының ата-бабалары батырлықтың дара жолын салып кеткен. Осы жолды қазақ азаматтары Ұлы Отан соғысында, одан кейін Ауған соғысында да жалғастыра білді. Әлі есімде, ол кезде 17-18 жасар жігіттер бөтен елде, жат жерде Отанымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығы үшін күресті. Бүгін мен сол соғыстан аман қайтып, қазіргі кезде жастарды тәрбиелеу жұмысына өз үлесін қосып келе жатқан сарбаздар үшін мақтанамын. Себебі бүгінгі жастар - ертеңгі Отан қорғаушылары. Бүгін біз Ауған соғысында бейбітшілік пен тыныштық үшін опат болған қазақстандықтарға тағзым етеміз. Осы бейбітшілік пен тыныштықты сақтай білейік», - деді өз сөзінде Б.Ертаев.
Осыдан кейін Республикалық ұланның құрметті қарауылы Ауған соғысы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жиналған қауым соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.