Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов жаңа қызметке тағайындалды

Алтай Көлгінов
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Ақорда Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгіновтің жаңа қызметке тағайындалғанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай Сейдірұлы Көлгінов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды», - делінген ресми құжатта.

Ал бұрын осы қызметті атқарған Нұрлан Мұсатайұлы Сейтімов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.

Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда дүниеге келді.

Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мамандығы – заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.

Еңбек жолын 2001 жылы Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, прокуроры болып бастады.

2002-2003 жылдары осы комитеттің құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасының прокуроры болды. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің заң актілерін жасақтау және талдау басқармасының бастығы.

2008-2010 жылдары «АлашМедиаГрупп» ЖШС бас директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары.

2010-2012 жылдары осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет жасады.

2012-2013 жылдары БҚО әкімінің орынбасары қызметінде болды.

2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі болған. 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болған.

2019 жылдың маусым айынан бастап Астана қаласының әкімі болды.

2022 жылы 9 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылғы 8 маусымға дейін атқарды. 

Соңғы жаңалықтар