Астананың іргесінде жаңа сүт зауыты ашылды
Ақмола облысының Целиноград ауданында қазіргі замаңғы технологиямен жабдықталған «Моя ферма» заманауи сүт зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Инвестициялық жобаны «Нұрлы» өндірістік кооперативі жүзеге асырған. Зауыттың ашылуына Целиноград ауданының әкімі Бахыдбек Оспанбеков, кәсіпорын директоры Қуаныш Найман қатысты.

— Зауыт бес айда салынды. Жобаның құны — 130 млн теңге. Жабдық сатып алынды. Қазіргі уақытта іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Зауытта тәулігіне 3000 тоннаға дейін сүт өңдеуге болады. Әзірше тәулігіне 1200 литр сүт өңдеуден өтіп жатыр. Он адамды тұрақты жұмыспен қатымып отырмыз, — деді Қуаныш Найман.

Осы ретте аудан басшысы өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
— Біз әрқашан тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүдделіміз және бүкіл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетуге дайынбыз. Бізде кәсіпкерлік пен экономиканы дамыту мақсатында қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті ресурстар мен әлеует бар. Өздеріңіз білетіндей, соңғы 5 жыл ішінде «Моя ферма» ЖШС өнімдері біздің барлық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде сатылды. Бұл — біздің ауыл экономикасы мен ауыл шаруашылығы секторын дамытуға қосып отырған үлесіміздің дәлелі, — деді Целиноград ауданының әкімі Бахыдбек Оспанбеков.

«Моя ферма» компаниясы сүт, айран, май, қаймақ, йогурт, сүзбе тәрізді сүттен жасалған экологиялық таза және сапалы өнімдерді шығарады.
Бүгінде зауыт өнімдерін елордадағы «Фермаг», «Вкусмарт», «Гастроном», «Aqmol», «Ecoshop», «Eco№ 1», «Interfood», «Galmart» дүкендерінің сөрелерінен, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен көруге болады.

Алдағы уақытта өзге өңірлердің нарығына шығу жоспарланған.
Айта кетсек, бұдан бұрын Астанада Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткенін жазған едік.

