Астананы жоспарлаған жапондық сәулетшінің артықшылығы неде - Назарбаевтың жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Астана қаласының жоспары әлемдік қала құрылысшыларының қызығушылығын тудырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Астана қаласының сәулеттік жоспарына жарияланған конкурс әлемдік құрылысшылардың қызығушылығын тудырды. Кез келген сәулетші үшін ашық далада жаңа қаланы жоспарлау - шабытына шабыт қосып, өз қиялын паш ететін үлкен мүмкіндік. Конкурсқа Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Корея, Болгария және өзге де елдерден елуден астам жоба келіп түсті. Олардың арасынан 27 жоба іріктеліп алынды. Іріктеу нәтижесінде қазіргі заманның талантты сәулетшісі Кисие Курокаваның жобасы үздік деп танылды. Танымал концептуалистің идеясына сәйкес, қаланың сол жағалауына басымдық берілді. Әрине, ол жоба жай ғана идея болды. Шынайы өмірде біраз түзетулер енгізуге тура келді. Біз де өмір талаптарына мойынсұнып, іске кірістік», - деп еске алды Президент.

Мемлекет басшысы жаңа астананың жан-жаққа ұлғайып мегаполиске айналғанын қаламаған.

«Жасыратыны жоқ, жаңа елорда салу - менің бастамам. Мен сәулетшілерге қаланың жан-жаққа созылып жатқан жансыз мегаполиске айналмауы туралы талап қойдым. Курокава бұл талапты ескере отырып, «Өмір ұстанымы» деп аталатын бірегей жоба ұсынды. Осылайша, конкурста жеңіп шықты. Мен қаланың жансыз нысан ғана емес, адаммен, табиғатпен байланысты тірі ағза ретінде қалыптасқанын қаладым», - дейді Елбасы.

Сондай-ақ, Президент әлемнің өзге астаналарына сапары мен Астананың аралас сәулеттік стилі туралы әңгімелеп берді.

«Бразилияға барғанымызда, маған Оскар Нимейер жобалаған ел астанасы - Бразилианың модернистік стилі ұнады. Кез келген қала біркелкі салынса, көрінеді. Сәйкесінше, Астанада классикалық сәулет пен модерн стиліндегі сәулеттік ғимрааттар қатар дамуы тиіс. Мүмкіндігінше, солай жасап жатырмыз. Ақорда, «Астана опера» театры, сыртқы істер министрлігінің ғимараты, «Астана Триумф» классикалық стильде салынса, «Астана - Тауэр», «Хан шатыр», «Астана-Арена», «Солтүстік шұғыласы» ТК - үшінші мыңжылдық сәулетінің үлгілері», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ең бастысы - қалалық инфрақұрылым өзінше қалыптасып келеді. 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізгенде қаланың дұрыс бағытта дамып жатқанын байқадық. 55 елдің делегациясын қабылдап, мыңдаған адамға қызмет көрсету, логистика, қауіпсіздік мәселелерін шешу оңайға соқпады. Бұл көпғасырлық тарихы бар, дәстүрі қалыптасқан астаналар үшін де ауыр. Елорда бұл сынақтан сүрінбей өтті», - деді Президент.

Толық сұхбатты «Казахстанская правда» газетінен оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар