Астананың балалар би ансамблі Санкт-Петербургте өткен хореографиялық байқаудың лауреаты атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Меруерт» халық ансамблі 1 сәуірде Санкт-Петербург қаласында өткен «Творческие открытия» XXV Халықаралық фестиваль-байқауында «Хореография Театр» аталымы бойынша І дәрежелі лауреат атанды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

Ансамбль құрамына 8-10 жас аралығындағы 11 бала кіреді. Елордалық ансамбль кіші жас тобында хореографиялық шығармашылық, эстрада биі номинациясына қатысты. Ұжым жетекшісінің айтуынша, балғындар «Бипыл» қазақ биімен және «Кір жуу» атты әзіл биімен көрерменнің ықыласына бөленді. Дауыс берудің нәтижесінде қазылар алқасы байқаудың жарқын номерлерінің ішінен «Кір жуу» биін таңдаған.

«Гала-концертте қыздар жандарын салып биледі! Жас бишілердің эмоцияға толы көңілді биі көрермендерді бір серпілтіп тастады. Ансамбльдің солисі Айғаным Есімханова қазақ биін орындар І дәрежелі лауреат атанды. Сондай-ақ, Айғаным артистік шеберлігі үшін дипломмен және кубокпен марапатталды. Бұл - ансамбльдің кіші тобының алғашқы сапары және бірден екі бірінші орын алып отыр, бұл  біздің ұжым үшін үлкен қуаныш», - деп атап көрсетті халық ансамблінің жетекшісі Саида Байнахатова.

Байқауға Таллин, Қазан, Челябі, Омбы, Свердловск, Волгоград, Химки, Саха Республикасының өнер ұжымдары қатысты.

Ал ересектер тобында қазіргі заман биі - дуэт номинациясында Венера Байнахатова және Геннадий Садықов үздік атанды.

Елордалық ансамбль аталған байқауға осымен төртінші рет қатысып отыр, және үздік атану үшін күрестің оңай емес екенін жақсы біледі. Осы жолы ұжымның жетекшісі Саида Байнахатова үздік қоюшы-балетмейстер дипломымен және кубокпен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар