Астананың бас көшесімен өнер керуені жүріп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының бас көшесімен «Түркі елінің түп тамыры - Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты өнер керуені жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.           
None
None

                               

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, керуен сапында  Алтын адам, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Әл-Фараби сынды тарихи тұлғалар мен ғұламалар, хандар мен батыр, билер бейнесіндегі өнер азаматтары, ЭКСПО аруы және ұлттық киім киінген әншілер мен бишілер, цирк өнерпаздары болды. Өңірдің тарихи келбетін танытар өнер көшіне 500-ге жуық өнерпаз қатысып, жергілікті композиторлар Ш.Қалдаяқов, С.Бəйтерековтің əндерін қосыла орындады.



Керуен басы «Қазына», «Шаттық», «Шамсинур» би ансамбльдерінің орындауындағы «Мереке думан» биімен бастау алып, «Бәйтерек» алаңында 600 жас домбырашының бір мезетте Қ.Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындауымен аяқталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениетінің Астанадағы алғашқы күні «Бәйтерек» алаңында аймақтың өнер шеберлерінің «Сәлем, Астана! Сәлем, ЭКСПО-2017!» мерекелік концертімен қорытындыланды. 



Концертте ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Таженова «Домбыра туралы баллада» орындаса, «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Х-бэнд» эстрадалық джаз ансамблі заманауи шығармалар ұсынды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері «ЭКСПО-2017» туралы ән шырқаса, «Семсер» тобы "Отырардағы той" əнімен өңірдің киелі өлкесін дəріптеді. "Өркен" отбасылық ансамблі, "Асу" триосы мен көптеген өнер саңлақтары  өнер думанымен Астана кешін асқақтатты. Оңтүстіктің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, эстрада əншісі Гүлнəр Сиқымбаева астаналық көрерменді əсем даусымен тəнті етті.



Көрерменді ән мен күйге бөлеген Оңтүстіктің өнер майталмандары бүгінгі кеште 30-дан аса таңдаулы нөмірлерімен ел ықыласына бөленді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сəдібеков еліміздің барлық облыс әкімдері қол қойған ЭКСПО туын «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевқа салтанатты түрде табыстады.

Айта кетейік, 29 мамыр күні  оңтүстікқазақстандық 10 байкер ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне республикалық мотошеру ұйымдастырып, екі дөңгелекті көлікпен  еліміздің бірқатар облысын жүріп өтті. Олардың соңғы нүктесі Астанадағы ЭКСПО көрмесі болды.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында күнгей жерінен келген 1 мыңнан астам əртіс астаналықтарға өз өнерлерін ұсынатын болады.

















Фото авторы - Самат Мырзалиев



Соңғы жаңалықтар