Астананың блокбекеттеріндегі қызметкерлер үшін ақша жиналып жатқан жоқ – комендант

«Төтенше жағдай режимі жарияланған күннен бастап полицейлер, ҚР Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тәулік бойы жұмыс істеуде. Қала тұрғындары тәртіп сақшыларына азық-түлік әкелуде. Қамқорлық танытқан азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Қала комендатурасы барлық қызметкерді толық көлемде қажетті заттармен, оның ішінде 3 мезгіл ыстық тамақпен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп жатыр. Жұмыс ауысым бойынша ұйымдастырылуда», - деп жазды Ержан Сәденов Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, тәртіп сақшыларының денсаулық жағдайы медицина қызметкерлерінің ерекше бақылауында.
«Қала комендатурасы шот ашып, қаражат жинамауға және ыстық тамақ (шай және тағы басқа) алып келмеуге шақырады. Сондай-ақ блок-бекеттердегі қызметкерлерге көмек көрсету үшін қаржы жиналатыны жөнінде әртүрлі сипаттағы ақпараттарға сенбеңіздер», - дейді ол.