Астананың ең талантты оқушылары анықталады
Бұл туралы astana.kz хабарлайды.
«Біз әр балаға сыйлық дайындап жатырмыз. Өйткені, аталымдар бойынша барлығының да дайындығы жоғары деңгейде. Осы ретте айта кететін жайт, әр сайыстың өз жүлдегері болады. Алайда, байқауға қатысып отырған әр оқушы жеңіс тұғырынан көрінуге лайықты дер едім», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина.
Байқаудың ақтық мәресі 20 қарашада Оқушылар сарайында өтеді деп жоспарланып отыр. Айта кету керек, барлығы 48 мектеп оқушылары қатысып, жоғары балл жинап, эссе жазып, тарих, биология, география пәндері бойынша дүниетанымын көрсетіп, оқ бойы озық шыққан 20 оқушы ақтық мәреге жолдама алды. Бүгінде олардың екеуі Украинада өтіп жатқан Халықаралық форумда ел даңқын асқақтатуда.
Байқауды ұйымдастырушылар бұл игі бастаманы жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Демек, бұл Астана мектептерінің білім деңгейін көтерумен қатар жастардың патриоттық сезімдерін оятып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде зор ықпал етері сөзсіз.