«AstanaProTeam» велокомандасы «EXPO-2015» көрмесіндегі Қазақстан павильонында болды (ФОТО)

«2015 жылдың 1 маусымында Қазақстан Велосипед спорты федерациясының президенті Д.Қалетаев және аталмыш федерацияның бірінші вице-президенті Р.Баталов бастаған «AstanaProTeam» командасының велошабандоздары Миландағы ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстан павильонында болып қайтты. Делегация құрамында жалпы алғанда 80 адам болды», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, спортшылар «Girod'Italia» халықаралық жарысында «Үздік команда» атағына ие болып, жеңіске жетті. Ал бас жіктемеде велошабандоздар Фабио Ару және Микель Ланда екінші және үшінші орынды алды. Сонымен қатар жарыстың тауда өтетін қиын кезеңдеріндегі бес жеңісін және Фабио Арудың «Үздік жас шабандоз» аталымындағы жеңісін команданың көпкүндік веложарыстағы жетістіктерінің қатарында атап өтуге болады.
Қазақстан павильонының жеңімпаздардың велосипедтері қойылған сахнасына Олимпиада чемпионы және «AstanaProTeam» командасының бас менеджері Александр Винокуров сәлемдесу сөзімен шықты.
«Үлкен кәсіби спорт, ЭКСПО секілді ауқымды іс-шаралар елдің танымалдығын арттырып қана қоймай, сонымен бірге оның халықаралық алаңдағы өзіне ғана тән бет-бейнесін қалыптастыру үшін жұмыла қызмет жасайды. «Астана» велокомандасы әлемдік кәсіби велоспорт сахнасында Қазақстанның намысын осымен 10 жылдан бері қорғап жүр, сондықтан біз ЭКСПО-2017 секілді ауқымды іс-шараны жұртшылық арасында кеңінен танытуға арналған үлкен науқанға атсалысып отырғандығымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті А.Винокуров.
Құрамында итальяндық спортшылар бар велокоманданың павильонға келуі көрме қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды: велоспорттың жанкүйерлері мен әуесқойлары павильон алдында жиналып, спортшылардың қолтаңбаларын алды. Іс-шара ең ірі итальяндық және халықаралық БАҚ беттерінде кеңінен жарияланды.
«Павильонды әзірлеушілердің халқымыздың құндылықтарын, оның бай әрі қызықты тарихын, оның өзіне ғана тән бірегей ерекшеліктерін өте шебер, әдемі әрі заманға лайықтап көрсете алғаны көңілімізден шығып отыр. 2017 жылы көрменің Астанаға келуін асыға күтудемін. Бұл шынымен де өте үлкен оқиға, көрменің дәл Қазақстанда өтетінін мақтаныш тұтамын», - дейді Александр Винокуров.
Ол өз сөзінің соңында Қазақстан павильонына Миландағы көрмеде табысты әрі жемісті жұмыс тіледі.
Спортшылар Қазақстан жерінің ежелгі заманнан бастап осы күнге дейінгі тарихын санаулы минут ішінде баяндап беретін «топырақ үстіндегі шоудан», сондай-ақ Қазақстан павильонының мазмұнынан зор әсер алды. Олар мұндағы тілектер кітабына өз лебіздерін жазып қалдырды, мерекелік сапар соңында қатысушылар естелік суреттерге түсті.
Еске сала кетейік, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін «AstanaProTeam» велокомандасы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қазақстандық жобасының бір бөлігі табылады және іс-шараны жұртшылық арасында кеңінен танытуға белсенді атсалысып келеді.