Астық кептіру тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу қажет — АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Премьер-министр Олжас Бектеновтен егін жинау жұмыстарын уақытылы аяқтау және жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктерге бірқатар тапсырма беруді өтінді.
Оның айтуынша, әкімдіктер егін жинау барысын күнделікті бақылауда ұстап, жұмыстардың қарқыны мен жиналған алқаптардың көлемін жедел қадағалауы қажет. Сондай-ақ фермерлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың Аграрлық кредиттік корпорация алдындағы міндеттемелерін тиісінше орындауы тиіс. Бұл келесі аграрлық маусымда шаруалардың несие алу мүмкіндігін сақтауға мүмкіндік береді.
Жаппай егін жинау кезеңінде элеваторлардың үздіксіз жұмысын және астық кептіру агрегаттарының толық дайындығын қамтамасыз етуге де басымдық берілмек.
— Автокөліктердің кезекке тұруына және кідірістерге, сондай-ақ астық кептіру тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу қажет, — деді Азат Сұлтанов.
Сонымен қатар әкімдіктер 2027 жылғы өнімге қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының сапалы тұқым қорын қалыптастыру керек. Ол үшін тұқымды уақытылы дайындау, тазалау, сұрыптау және белгіленген кондицияға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ тұқым сапасын міндетті түрде тексеру қажет.
— Жалпы, егін жинау мәселесі тұрақты бақылауда. Барлық мәселе жедел штаб отырыстарында қаралып, тиісті шешімдер қабылданып жатыр, — деді вице-министр.
Бұған дейін биыл қуаңшылыққа қарамастан астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болатынын жазған едік.