Астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті

Астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

13 аймақта ұн қымбаттап барады – министрлік себебін түсіндірді
Фото: golos.ua

«Нарықтық экономика жағдайында өнімнің бағасын тауардың барлық түрлері сияқты кәсіпкерлер өндіру, сақтау және тасымалдау кезіндегі шығындарды ескере отырып, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі негізінде дербес белгілейді. Бағаның өсуіне көптеген факторлар әсер етеді. Оның ішінде өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін шикізат, материалдар, энергия, қызметтер бағасының өсуі, тасымалдау шығындары және басқалары бар», - делінген министрліктің агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Ведомствоның атап өтуінше, «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 7-бабының 15-7-тармағына сәйкес баға мониторингін Сауда және интеграция министрлігі жүзеге асырады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлгі «әлеуметтік» нанның бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік корпорациясы» арқылы өңірлерге арзандатылған бидай жеткізу жұмыстары бақылауға алған.

«Биыл бұл мақсаттарға өңірлерге 120 мың тонна астықты жеткізуге 5,4 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында Азық-түлік корпорациясымен ұн тартатын кәсіпорындарға 24,5 мың тонна арзандатылған бидай жеткізілді. Бүгінгі таңда қалған көлемдер бойынша меморандумға қайта қол қойылды, аталған жұмыстар жалғасуда. Жалпы алғанда биылғы жылы жиналатын астықтың көлемінің былтырғы жылмен салыстырғанда кемігендігіне қарамастан, күтілетін астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәстүрлі экспорттық нарықтарға жөнелтуге жеткілікті болады», - деп сендіреді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар