СҚО-да бидай элеваторларға сыймай жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының астық қабылдау кәсіпорындары 6,9 млн тонна дақыл қабылдауға қауқарлы. Алайда мұның өзі аздық етіп, биыл жиналған бидай-арпа далада жаңбырға тиіп, рәсуа болып жатыр.

бидай
Фото: АШМ

СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста астықты сақтау үшін сыйымдылығы 3,2 млн тонна болатын 46 элеватор бар, сонымен қатар агроқұрылымдарда сыйымдылығы 3,7 млн тонна астық сақтау қоймалары бар. Яғни, облыс бойынша жалпы сыйымдылық 6,9 млн тонна. 

«Биылғы рекордтық жақсы өнім, сондай-ақ өткен жылдардан қалған 1,5 млн тоннаға жуық астық, соның ішінде 800 мың тоннасы элеваторларда жатқандықтан, дәнді дақылды қабылдап, сақтауда түзету енгізді.

Қазір 46 элеваторда 2 млн тонна бидай бар, оның ішінде 541,8 мың тонна азық-түлік корпорациясына тиесілі. Яғни 65% толық. 

Кейбір элеваторлар шаруашылықтардан жаңа астық партияларын қабылдауды тоқтатты, өйткені дақылдардың сапасы, ылғалдылығы әртүрлі. Осыған байланысты қоймаларда көбірек орын және уақыт алады. Кейін қабылдау қайтадан басталады.

Толтырылған элеваторлар астықты жөнелтуіне, босатылуына қарай қабылдайды. Мысалы, 1,5 мың тоннаны жөнелтсе, тиісінше 1,5 мың тоннаны қабылдайды», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов. 

Маманның айтуынша, элеваторлардағы жағдай күн сайын өзгеріп отыр. 

«Бүгін облыстың астық қабылдау орындары шамамен 150-160 мың тоннаны қабылдай алады, атап айтқанда, Тимирязев, Ақжар, Мүсірепов, Аққайың және Петропавл қалаларының элеваторлары қазір еркін қабылдап жатыр. 

Ал Айыртау ауданы бойынша бүгінде лицензияланған 5 астық қабылдау пункті бар. Соның ішінде «Уголки» ЖШС бүгін 2 мың тонна арпа, «Баянтай» ЖШС 2,5 мың тонна арпа қабылдай алады. Ауданның қалған элеваторлары толық, бидайдың жөнелтілуін күтіп отыр. 

Элеваторлар астықты тапсыру бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен үнемі байланыста, кезектерді, кептелістерді болдырмау мақсатында бидайды қабылдау бойынша кесте әзірленді», - дейді Жалғас Сүлейменов. 

Бұған дейін СҚО-да диқандар астық сақтайтын элеватор таппай қиналып жатқандығын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар