Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет - Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Көлік желісінің қолжетімді болуын ерекше бақылауға алу керек. Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Қажетті көлемде вагондар паркін жұмылдыруды тапсырамын. Логистикада ешқандай іркіліс болмауға тиіс. Отандық өнімді өткізу мәселесінде де жүйелі тәсіл қажет. Басты міндет – ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім шығару. Ол үшін жеткізу тізбегінде отандық өндірушілерге қолдау көрсетуіміз керек, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстың барынша шынайылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету маңызды екенін баса айтты.
- Осы ретте климаттық тәуекелдерді болжау, өнімділік көлемін есептеу және нарықтық бағаларды бақылау кезінде цифрлық шешімдерді қолдануды кеңейту қажет. Сондай-ақ, жасанды интеллектті қолдану өнімді жинау, сақтау және техниканы басқару процестерін оңтайландыруға бағытталуы керек. Жалпы, цифрландыру азық-түлік қорларын дәл және уақтылы есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс, - деді ол.
Айта кетейік, биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.