Астрахан-Атырау пойызында 25 жастағы келіншек босанып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астрахан-Атырау пойызында 25 жастағы келіншек босанып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 28 мамыр күні таңғы сағат 05.00-де Астрахан-Атырау бағытында қатынайтын жолаушылар пойызында болды.

Жас келіншектің жеңілденуіне жолсеріктермен бірге осы пойызда патрульдік етіп жүрген Атырау қаласындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері Асылжан Қамеденов жәрдемдесті.

А.Қамеденовтің сөзіне қарағанда, вагонның жолсерік әйелдері көп ойланбастан, толғақ қысқан келіншекті тез босандырып алу туралы шешім қабылдаған. Өзі көлік полициясының кезекші бөлімшесіне хабарласып, вокзал перронында жедел жәрдем көлігін ұйымдастыру қажеттігін жеткізген.

Атырау станциясына келген кезде тәртіп сақшылары аман-есен босанған ана мен оның қызын пойыздан көтеріп түсіріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

«Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері Асылжан Қамеденовтің өзі көп балалы отбасында туып-өскен. Бес ұл, төрт қыз тәрбиеленген шаңырақтан шыққан аға сержанттың өзі де – екі баланың әкесі. Осындай оқиғаға алғаш душар болған ол асып-саспай, теориялық білімін іс жүзінде пайдалана білді. А.Қамеденов ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етеді. Әріптестері оның әрдайым көмекке дайын тұратын елгезек те жауапкершілігі мол қызметкер екендігін айтады. Департамент басшылығы Асылжанды марапатқа ұсынуды ойластыруда», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да зират ескерткіштерін қиратқан балалар болып шыққанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар