AstraZeneca дауы: ҚР заңнамасына «деректердің эксклюзивтілігі» ұғымы енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық AstraZeneca компаниясы мен қазақстандық Santo компаниясының арасындағы қант диабетіне қарсы препарат дауынан кейін ұлттық заңнамаға «деректердің эксклюзивтілігі» дейтін ұғым енгізілуі мүмкін. Астанада өткен баспасөз конференциясында «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының жобалар жетекшісі Динара Исабекова осындай мәлімет айтты. 

заңнама
Фото: Kazinform

Әңгіме AstraZeneca компаниясының халықаралық патент алып үлгермеген дапаглифлозин препараты мен SANTO компаниясы шығаратын «Дапаглисан» препараты туралы болып отыр. Қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған бұл екі дәрінің әсер ету тиімділігі қарайлас болғанымен, SANTO ұсынып отырған отандық өнім әлдеқайда арзан болып есептеледі. Бірақ AstraZeneca компаниясы әлеуметтік маңызы бар бұл дәрінің Қазақстанда дәл қазір тіркелуіне қарсылық білдіріп, дау сотқа жеткен. Еуропалық компания өз препаратын тіркеуге берген деректердің эксклюзивтілігі сақталмады деген уәж ұстанып отыр.

AstraZeneca компаниясының Қазақстандағы директоры Мария Шипулева SANTO компаниясы ұсынған балама дәрі тіркеуден өтсе, Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі бұзылады деп отыр.

«Қазақстанда мұндай қиындыққа тап келіп отырған жалғыз біздің компания ғана емес. Әр сот ісінің барысы туралы пікір айтқым келмейді. Өйткені әлі нақты шешім шыққан жоқ. Бірақ біз, яғни, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне, зияткерлік меншік құқықтарының сауда-саттық қыры туралы келісімінің (ТРИПС) ережелерін бағынатынын растап қол қойғанбыз. Ол ережелер біз нарыққа дәрі-дәрмек шығарған кезде онымен байланысты деректердің эксклюзивтілігін де қорғауға арналған. Деректердің эксклюзивтілігін қорғау белгілі бір мерзімді қамтиды. Осы ережелер Қазақстанда да сақталады деп үміттенеміз. Өйткені біз ДСҰ-ға мүшеміз және ТРИПС ережелеріне қол қойғанбыз. Елдегі фармацевтиканың дамуы да осы деректердің эксклюзивтілігін қорғау мәселесімен байланысты. Өйткені фармацевтикалық компаниялар коммерциялық ұйым болғандықтан әр нарықтан алатын табысын алға қояды», — дейді ол.

AstraZeneca өкілі кез келген мемлекет қымбат дәрінің орнына арзан баламасын қолдануға хақылы екенін, бірақ ол процесс ДСҰ ережелеріне қайшы келмеу керектігін айтады.

«Бұл жерде біз көтерген сот талабы нақты SANTO компаниясына қатысты емес. Дегенмен дау нақты осы компаниямен байланысты туындап отыр. Бірақ мәселе ДСҰ мен ТРИПС ережелерінің қолданысына тіреліп тұр. Яғни, препарат Қазақстан нарығында тіркелгеннен кейін оның деректерінің эксклюзивтілігі 6 жыл бойы қорғалуы керек. Мұны плагиат деп айтуға да келмейді. Негізі генерикалық препараттардың балама ретінде қолданылуы заңға қайшы емес. Өйткені балама дәрі арқылы халық емделу ақысын төмендетуге мүмкіндік алады. Бірақ ДСҰ мен ТРИПС-тің ережелері бойынша қандай да бір дәріні ел аумағында тіркеуге берген мәліметтер белгілі бір мерзімде қорғалуы керек», — дейді ол.

Қазақстанға инвестиция тартумен айналысатын «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының жобалар жетекшісі Динара Исабекова бұл даудың дақпырты Үкіметке де жеткенін мәлім етті.

«Сыртқы істер министрлігі елдегі инвестициялық климатты жақсарту үшін заңнамаға өзгертулер енгізу бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Оның ішінде фармацевтика мен денсаулық сақтау саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер де бар. AstraZeneca компаниясы көтерген құқықтарға келсек, мұндай проблемамен, өкінішке қарай, Қазақстан нарығында жүрген өзге компаниялар да тап келіп отыр. Үкіметке осы проблема туралы ақпарат жеткізілді. Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен белсенді түрде өзара жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол.

Айтуынша, аталған мәселені реттеу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылыпты.

«Осы жұмыс тобы заңнамаға зияткерлік меншік құқығы, деректердің эксклюзивтілігі туралы ұсыныстар әзірлеп жатыр. Ол ұсыныстар қабылданса, заңнағама дәрі-дәрмектің өндірісімен байланысты деректердің эксклюзивтілігі туралы ұғым енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің № 110 бұйрығы аясында өзгеріс енгізіледі. Қазір бұйрықтың жобасы ғана болғандықтан, нақты тетіктерін айта алмаймын. Кейін "Ашық НҚА" порталында жарияланады», — деді Динара Исабекова.

Соңғы жаңалықтар