Астрономдар алғаш рет ерте Ғаламда ежелгі квазарлардың бірігуін бақылады

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық астрономдар ұжымы Бикеш шоқжұлдызында Үлкен жарылыстан 900 млн жылдан кейін бір-бірімен соқтығысқан белсенді галактикалық ядролар – квазарлардың бірігуінің ең алыс және ежелгі мысалын тапты. Олар  ашқан жаңалық ерте Ғаламдағы галактикалар мен қара құрдымдардың өсу механизмдерін ашуға көмектеседі, деп хабарлады дүйсенбіде астрономиялық зерттеулер жүргізетін университеттер қауымдастығының (AURA) баспасөз қызметі. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі жазды. 

Астрономдар алғаш рет ерте ғаламда ежелгі квазарлардың бірігуін бақылады
Фото: freepik.com

«Бұл жаңалық негізінен кездейсоқ болды. Мен ежелгі квазарлардың рөліне ықтимал үміткерлерді іздеу үшін «Субарудан» түсірілген суреттерді зерттеген кезде бір-біріне жақын екі ұқсас және өте «қызыл» сәулелену көздерін анықтадым. Біз біріктіру процесіндегі квазарлар жұбының ашылуын бірнеше ондаған жылдар бойы күттік, енді бірінші рет олардың бар екенін растауға қол жеткіздік», - деп мәлімдеді Эхиме префектурасы университетінің доценті Йосики Мацуока.

Зерттеушілер бұл жаңалықты Гавай аралдарында орнатылған жапондық «Субару» телескопы арқылы алынған ертедегі әлемнің суреттерін зерттеу, ежелгі квазарлардың өзіндік «санағын жүргізу» кезінде жасады. Осы жобаның бір бөлігі ретінде ғалымдар әлем біртіндеп электромагниттік толқындарға мөлдір бола бастаған реионизация дәуірінде болған бірнеше жүздеген белсенді галактикалық ядроларды зерттеп жатыр.

Зерттеушілер іске қосылуы 2025 жылдың жазының соңына жоспарланған LSST сияқты жерүсті телескоптарының көмегімен тағы да көптеген соқтығысатын квазарлар анықталатынына үміттеніп отыр. Бірнеше ондаған немесе жүздеген соқтығысқан ежелгі квазарларды анықтау және зерттеу астрономдарға олардың әлемнің қайта иондану процесінде қандай рөл атқарғанын түсінуге көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар