Астық экспортын жүргізуді мемлекеттік монополияға көшіру керек - Мәжіліс депутаты А.Тұрсынов

ТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ауыл шаруашылығы мамандарының мәліметтеріне сенсек, Қазақстан бүгінде әлемдік астық экспортындағы жетекші елдер ондығына кіреді. 2010 жылы рынокқа еліміз 9 миллион тоннадай астық тапсырған. Соның 3 миллион тоннаға жуығы Орта­лық Азия елдеріне жіберілген. Ал Қазақстанның биылғы экспорттық мүмкіндігі 15 миллион тоннаға дейін жетті. Ұн экспорты жөнінен Қазақстан осымен 5 жыл қатары­нан әлемде жетекші ел болып отыр.
None
None

Бұл мәселелер Елбасының қатысуымен өткен агрөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында да көп айтылды. Осы жетістіктер мен еліміздің агрөнеркәсіп кешенінде атқарылып жатқан өзге де мәселелер туралы білу мақсатында біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Азамат Тұрсыновты сөзге тартқан едік.

- Азамат Жанәбілұлы, әңгімемізді астық өндірісінің бүгінгі таңдағы жетістіктерінен бастасақ ?

- Соңғы жылдары біздің еліміз астық өндірісін 3,5 есеге арттырды. 1999 жылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2000-2002 жылдары аграрлық салаға көп инвестиция бағытталды. Оның ішінде мемлекет және жеке меншік тарапынан мол қаржы жұмсалды. Бұрынғы техникаларды жаңартуға қол жеткізілді.

Өнім өндіру мүмкіндігі жоғары шетелдік техникалар алынды. Мұның тиімді жағы көп. Өйткені техниканың өнім өндіруі 3-4 есеге артты. Қазіргі комбайндардың бидайды таза жинауын ерекше айтуым керек. Сондай-ақ бидайдың сорттары жақсара түсті. Соның бәрін назарға алсақ, ауыл шаруашылығының жағдайы көтерілгеніне куә боламыз.

Айталық, биыл Қостанай облысы 9 млн. тоннаға жуық астық жинады. Ал кезінде өзім қызмет істеген Қарасу ауданының бір өзі 1 млн. 500 мың тонна астық өндірді. Аудан бойынша егін шығымдылығы гектарына орташа 24 центнерден келді. Кейбір егіс алқаптарында бір гектардан жиналған бидай 30-40 центнерге жетті. Егіс алқабында бидайды американың «Джон Дир», Германияның «Класс» комбайндары жинайды. Ресейдің де техникасы алынуда. Өйткені олар жаңа заманға сай комбайндарын жетілдірді. Сондай-ақ бұрынғы «К-700» тракторының аты ғана қалған. Қозғалтқышы да, құрал-жабдықтары да заманауи талапқа сәйкес келеді.

- Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды өзімізде жасап шығарудың маңыздылығы зор. Бұл жағынан қандай қадамдар бар?

- Қазір Қостанай қаласындағы «Агромаш» холдингісінде комбайнның екі-үш түрі құрастырылып жатыр. «Енисей» комбайнын жинап шығару ісі 3-4 жылдан бері өз нәтижесін беріп келеді. Биыл «Есіл» комбайны моделін құрастыру жобасын жүзеге асыруда.

«ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-ның лизингі бойынша Қостанайда құрастырылған комбайндар астықты өңірлерге берілуде. Мәселен, барлық сатып алынған «Енисей» комбайнының 70 пайызы Қостанай зауытының өнімі. Сонымен қатар Петропавл қаласында да комбайн жинайтын зауыт бар. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы техникаларын шығару ісі жан-жақты қолға алынуда. Павлодарда жаңа үлгідегі «Беларус» тракторын жинау жобасы жүзеге асырылатын болды.

- Биыл астық шығымдылығы өте жоғары болды да, бірқатар мәселелер туындады. Жиналмай қалған егіс алқаптары туралы күрделі мәселеге тап келдік...

- Бидайдың шығымдылығы жоғары болған кезде оны жинап алу үшін көп көліктер керек. Өндірісі жоғары комбайндар қажет.

- Қостанай өңірінде қар астында қалған бидай бар ма?

- Облыста да, Қарасу ауданында да далада орылмай қалған бидай жоқ. Қырманда жатқан бидай бар шығар. Ондай жағдай бұрын да болған. Элеваторлардағы өнім өңделіп, эшалондармен жөнелтілген соң, қырмандағы бидай да жиналып алынады. Мұндай тәсіл тәжірибеде бар.

Қостанай облысы биыл мезгілінде жинап алды. Ауыл шаруашылығын өндірушілерге бірнеше бағдарлама бойынша үлкен көлемде несиелер берілді. Ол өз нәтижесін көрсетті. Облыс алған несиесінің барлығын қайтарды, 97 пайызымен есептесті.

- Астық экспорты туралы ойыңызды білдірсеңіз?

- Қазақстан астығы жыл сайын үлкен сұранысқа ие. Экспортқа шығарған кезде жол шығынын арзандатып, Үкімет дотация беруде. Бүгінгі таңда Ресейден бидай таситын вагондар жалға алынып жатыр. Соған қарағанда Қазақстанның экспорттық әлеуеті одан сайын арта түседі деп ойлаймын.

Біздің астықтың сапасы өте жоғары. Еуропа елдері өздерінің астығын сапалық жағынан жақсарта түсу үшін бізден сатып алады.

Қазақстан болашақта жаңа технологияны пайдалану арқылы бидайдың қайта өңдеу жұмыстарын әлі де дамыта түсуі қажет. Ұнды ең көп экспортқа шығаратын елміз. Бидайда 32 пайыз клейковина (ұлпа) болса, соны ажыратып алуымыз қажет. Сол астық дәніндегі құнарын Еуропаға экспорттасақ, ұтарымыз көп. Мәселен, 30 мың тонна астық жөнелтпейміз, бар болғаны 900 тоннадай жібереміз. Яғни, әр бидайды толық өңдеп, ешқандай қалдықсыз пайдаға жарата білуіміз қажет. Қазір бізде астықты өңдейтін зауыттар Петропавл мен Таразда ғана бар. Петропавл зауытының жылына 300 мың тонна астықты қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Ал Тараздағы зауыттың қуаты одан да аз. Биыл 29 млн. тоннадай астық жиналды деп айтылып жатыр ғой. Ал зауытымыз жылына 300 мың тоннаны өңдей алатын болса, ол бізге қандай мәселені де шеше алады?

- Астықты экспорттауда әлеуетіміз жоғары дедіңіз. Ендеше, кейбір кедергілерді жоюдың жолдары қандай?

- Астық экспортын жүргізуді мемлекеттік монополияға көшіру керек деп есептеймін.

- Бізде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» бар емес пе?

- Ол коммерциялық ұйым. Мәселен, Канадада «ПУЛ» деген бар. Ол Канаданың барлық астығын сатумен айналысады. Оның жарғысына сәйкес өнімнен өзіне таза пайда алмайды. Мәселен, шаруа қожалығынан бидайдың әр тоннасын 140 доллардан алады да, шетелге 200 доллардан сатса, үстеме ақыны тауар өндірушілерге бөліп береді. Өйткені барлық еңбек өнімді өсірушінікі ғой. Сондықтан бізде де мемлекеттік құрылым болғаны жөн. Сонда 12 млн. тонналық «қоржыны» бар бір-ақ трейдер болады. Ол әлемдегі өзіндік ықпал ете алатын құрылым болмақ. Ал қазір бізде жеке-жеке құрылымдар бар, олардың арасында бәсекелестік көп. Енді мемлекеттік жүйеге көшсек, өте тиімді болатыны анық. Тек астықты сату кезінде таза, ашық сауда жүзеге асырылуы тиіс. Ең бастысы, тауар өндірушілердің мүддесі бірінші кезекте тұруы керек. Екі арада алыпсатарлар, делдалдар пайда көріп кетпейтін жүйені қалыптастырғанымыз дұрыс. Астық өндірушілерге де бөлінетін дотацияның көлемін арттыру қажет.

- Ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай заңдар қабылданды?

- Осы саланы өркендетуге, кейбір мәселелерін реттеуге қатысты заң жобаларының барлығы өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті арқылы өтеді. Бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін реттеуге бағытталған заң қабылданғанын айтар едім. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты заң қабылданды. Жер кодексіне толықтырулар енгізілді. Мал тұқымын асылдандыру мәселелерін қарастыратын заң жобасы қаралып жатыр. Осы заңдар ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарымыздың жағдайын жақсарту мақсатын көздейді. Дотация беру мәселелерін реттеуді қарастырады. Яғни, мемлекеттік қолдау жасаудың жолдары іздестірілуде. Біз заңдардың халыққа пайдасы тиюін көздеп отырмыз.

- Азамат Жанәбілұлы, елімізде астық өндірмейтін өңірлер бар. Мал шаруашылығын дамыту жайында қандай пікіріңіз бар?

- Иә, Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы бар. Оның бір жерінде бидай жақсы өссе, енді бір аймағы мал өсіруге қолайлы. Оңтүстікте жеміс-жидек пен мақтадан жақсы өнім алуға болады. Әйтпесе, қазір бізге жеміс-жидектер көп жағдайда Қытайдан, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келіп жатыр. Жеміс, көкөніс алқаптарын да өзіміз өсірсек, көп пайдаға шығар едік. Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарлама негізінде дотация бөлініп, әр өңірде жылыжайлар салынып жатыр. Бұл өте жақсы бастама. Жеміс-жидек сақтау қоймаларын жасаудың да маңыздылығы зор. Осы жобалар жүзеге асса, ел тұрғындары қысы-жазы отандық өніммен қамтамасыз етілетін болады.

Ал егін шықпайтын аймақтарда малдың санын арттыру көзделіп отыр. Мал шаруашылығы да арнайы бағдарлама аясында кешенді түрде дамытылуда. Ең бастысы, мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлінуде. Шетелден сүтті сиырлар әкелінді. Өзіміздің асыл тұқымды малдарымызды көбейтуіміз керек. Мәселен, Қостанай облысының Федоров ауданында бір кәсіпкер жергілікті малдарды алып, сауын фермасын ұйымдастырып, сүт өнімдерін шығаруда.

Қолдан ұрықтандыру ісі ғылыми түрде дамытылғаны жөн. Қазір шетелден аналық малдар әкелінді. Менің ойымша, одан көрі аталық малды сатып алсақ, сол тиімдірек болмақ. Мәселен, сиыр 7 мың АҚШ доллары көлемінде болса, бір аталық мал 300-500 мың доллардай болуы мүмкін. Бірақ сол арқылы бір шаруашылықтың малын ұрықтандырғанда, әрқайсысы 10 доллардан келеді. Жалпы, мал шаруашылығында тұқымды жақсартатын әрқашан да аталық екені анық. Өйткені біздің ата-бабаларымыз да жақсы қошқар, бұқа, айғыр мен бураларды іздейтін еді ғой.

- Елбасы биылғы Жолдауында ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалықты жария етті. Яғни, ет өнімін экспорттау жағынан да Қазақстан беделге ие болмақ. Соның жүзеге асырылуы жөнінде не айтар едіңіз?

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған өз сөзінде ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігі 2014 жылға қарай екі есе, ал 2020 жылға қарай төрт есе өсетінін мәлімдеді. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылатынын айтты. «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі», - деді Елбасы.

Президент алға қойған міндеттер жүзеге асқанда, ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүм­кін­дік туады, жаңа бастама жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы бастамаға үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Ғылыми тәжірибелерді пайдалана отырып, оған дайындықты қазірден бастауымыз қажет.

- Кейде әр өңірде мал аурулары шығып қалып жатады. Бізге көрші елдер тарапынан Қазақстаннан ет алмаймыз деген сын да айтылды.

- Бұл - өте маңызды сала. Соңғы жылдары малдардың қатерлі ауруларын болдырмау жолында көптеген іс-шаралар атқарылуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын ветеринарлық саланы босаңсытып алғанымыз анық. Қазір дұрыстап қолға алынуда. Ветеринарлық мәселені ретке келтіру үшін заң қабылданды. Соған сәйкес бүгінгі таңда әрбір ауылдық округте бір-бірден мал дәрігері лауазымы бар. Кеңес одағы кезіндегі қандай ауруларға қарсы мал егілген болса, соның барлығын жүйелі түрде қалыпқа келтіруіміз керек.

Шетелде әрбір мал есепке алынған. Малға адамнан кем қарамайды. Етті экспортқа шығарудағы біздің басты проблемамыз - малды туғаннан бастап оның «денсаулығын» көрсететін есебін жүргізбейтініміз. Айталық, дүкеннен ет сатып алғаныңда, оның штрих кодында малдың қай жерде өсірілгені, қай жақтан келгені туралы толық ақпаратты білуің керек. Мысалы, «Елтай» ЖШС өндірген делік. Одан әрі малдың жасын, тағы басқа мәліметтерін толық таба аласың.

Дамыған елдерде табиғи ұрықтандыру жолы мүлдем жүргізілмейді. Жасанды ұрықтандыруға көшкен. Егер біз де жасанды ұрықтандыруға көшсек, үш жылдан кейін бруцеллез, туберкулез деген аурулар өз-өзінен болмайтыны белгілі. Өйткені аталық мал тұқымды жақсартушы болғанымен, екінші жағынан ауруларды таратушы болып есептеледі.

Қазақтың ақ бас сиырлары біздің өңірдің ауа райына бейімделген. Сондай-ақ Қостанай облысында әулиекөл тұқымды ірі қара өзінің салмағымен ерекшеленеді, еті өте бағалы. 1990 жылдардағы дағдарыс кезінде саны азайып кеткен еді, қазір көбейтілуде. Асыл тұқымды малды өсірудің тиімділігін бәрі де біліп отыр. Келешекте осы бағытта жұмыстар жүргізіледі деген ойдамын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар