Астық ысырапсыз жиналуда

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат - Көксу ауданының Мұқыры ауылдық округінде 370 шаруа қожалығы бар. Оның барлығы дерлік мал өсірумен және егіншілікпен айналысады. Бүгінгі таңда олар қыстық мал азығын дайындау мен астық орумен айналысуда. Тәлімі жердің астығына орақ түсті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің ресми сайты.
None
None

Округтегі іргелі шаруашылықтың бірі - «Қайнар-Көксу» қожалығы. Шаруашылықтың егістік жер көлемі 643,6 гектар алқапты құрайды. Оның 431 гектарына дәнді дақыл себілген. Сонау 1994 жылы құрылған шаруашылықтың басшысы Әшімхан Оразбеков. Шаруа қожалығы бүгінде аяғынан тік тұрған. Олар астықтың репродукциялы тұқымын өсірумен және қызылша мен майбұршақты күтіп-баптап, алынған өнімді келісімшарт арқылы қайта өңдеу орындарына өткізумен шұғылданады. Сондай-ақ, олар төрт түлік мал басын көбейтумен де шұғылданады. Жұмысты жүйелі ұйымдастыра білген Әшімхан Ізтайұлы төрт түлік пен егіншіліктен мол өнім алу жайын ғалымдармен ақылдасып отырады. Шаруашылық басшылары ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерін өндірісте пайдалануда.
Жаздық бидайды оруды уақытында бастаған «Қайнар-Көксу» қожалығының астық өсірушілері алтын дәнді ысырапсыз жинап алу барысында тынбай еңбектенуде. Дәннің бүйірі тоқ. Әзірге тәлімі жердің астығы орылуда. Әр гектарға шаққандағы түсім 20 центнерді құрайды. Ол биылғы жауынсыз көктемде себілген астық үшін жаман шығым емес. Екі комбайн дала төсінде алтыншы күн тоқтаусыз жұмыс істеуде. Мұндай кезде техниканың дайындығы да сыналары сөзсіз. Осыдан үш жыл бұрын «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингіге алынған «Енисей - 1200-1НМ» комбайнының ісі өндірімді. Заманауи техниканы науқан қарсаңында жақсылап жөндеуден өткізіп, ескірген қосалқы бөлшектерін ауыстырса болды, жиын-терін аяқталғанша міндетін тоқтаусыз атқара береді. Осы шаруашылықта көп жылдар еңбек етіп келе жатқан Болат Оразбеков астық жинау науқаны аяқталысымен комбайндармен басқа ұсақ шаруашылықтарға көмектесетіндерін айтады. Яғни, механизаторлар техникасы жоқтарға қолғабыстарын тигізеді. Енді бір-екі күнде комбаиндар суармалы жердің астығын ормақ. Суармалы жерде астықтың шығымы бұдан жоғары болмақ,- дейді диқан қауым.

Өткен аптада жоңышқаның бірінші шабындығы аяқталған. Шөп бірден «10-шы құдық» аталатын қыстаққа жеткізіліп, маялануда. Мұқыры ауылы маңындағы 40 гектар жоңышқаның шөбі малды қыстан аман-есен алып шығуға молынан жетеді. Сондай-ақ, 60 гектар алқаптағы арпа да мал азығына пайдаланылады. Шаруа қожалығында 4500 бас асыл тұқымды биязы жүнді қойы өз төлі есебінен көбейтілуде. Етті-жүнді бағытта өсірілетін мал өнімі бүгінде өтімді. Биязы жүнге ішкі, сыртқы нарықта сұраныс артқан. Малды күтіп-баптауға, уақытында төлдетуге ғылыми - зерттеу институттары да атсалысуда. Қыстаққа үлкен үш шөмеле шөп жиналады. Оның біреуі - сабан. Қыстаққа суармалы жердің сабаны тасылады. Себебі, суармалы жердің сабанында табиғи шөп аралас жиналады. Сондай-ақ, бидай сабағы негізінен жас туған қозылардың өкпесіне суық тимес үшін, астыларына төсеніш ретінде пайдаланылады,- дейді шаруашылық мамандары. Бүгінде аталмыш іргелі шаруа қожалығында 30-дан аса адам еңбек етеді. Олардың айлық жалақылары 25-30 мың теңгенің көлемінде. Шаруашылықта 130 бас ірі қара және 30 шақты жылқы бар.

«Қайнар-Көксу» шаруашылығының қырманында қызу тірлік. Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша қамбаға 150 тонна бидай тасымалданған. Астықты кептіріп, сұрыптау жұмыстары жүріп жатыр.

Алда арпа, күздік бидай, жоңышқа, қызылша, соя жинау міндеттері тұр. Осы шаруашылық құрылған күннен жұмыс істеп келе жатқан Данияр Белижанов қожалықтың машина-трактор стансасында 15 шақты техниканың науқандық жұмыстарға атсалысуға сақадай-сай тұрғанын айтады. «Жаздың бір күні - жылға азық» деген диқандар дәнді ысырапсыз жинау барысында тындырымды еңбек етуде.

Соңғы жаңалықтар