Асу Алмабаев Әбу-Дабиде кезекті жекпе-жегін өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев (21-3-0) Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында кезекті жекпе-жегін өткізеді.

ufc.com сайтындағы ақпаратқа сәйкес, отандасымыз 27 шілде шаршы алаңға оралып, перулік Хосе Очоамен (8-1-0) өзара мықтыны анықтайды.
Отандасымыз бүгін айқас алдындағы міндетті салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Ол таразыда 126 фунт (57.15 келі) көрсетіп, шекті салмақ лимитін орындады. Ал қарсыласы 125.5 фунт болды.
Айта кетерлігі, Кештің басты жекпе-жегінде Роберт Уиттакер (27-8-0) және Ренье де Риддер (20-2-0) өнер көрсетеді.
31 жастағы Асу Алмабаев UFC-дің ең жеңіл салмақтағы рейтингісінде 9-шы орында.
Қазақстандық спортшы 2 наурызда Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFCVegas 103 кешінің басты жепе-жегінде португалиялық файтер Манель Капеден (20-7-0) жеңілген болатын.
Хосе Очоа биыл 24 жаста. Ол соңғы жекпе-жегінде америкалық спортшы Коди Дарденді (17-8-1) екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.