Ат спортына мемлекеттен қолдау жетіспей тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде 57 миллионнан астам жылқы бар. Оның шамамен 5 миллионы Қазақстанда екен. Соған қарамастан, елімізде ат спорты кенже қалып келеді.

Осыдан бір ай бұрын атбегілер жастардың жылқыдан алыстап бара жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.
Бұл жолы спортшылар ат спортының дамуы үшін мемлекеттен көңіл бөлінсе деп қолқа салып отыр. Өйткені кей халықаралық жарыстарға қатысу үшін өз қалтамыздан шығындаламыз дейді олар.
– Ат спорты – ең қымбат спорт түрлерінің бірі. Шығыны жағынан екінші орында тұр. Себебі, атты баптап, денсаулығын күту керек. Оның керек-жарағы мен әбзелдерінің бәрін өзіміз сатып аламыз. Атқа міну – қазақтың қанындағы қасиет қой. Сол үшін бұл спортты дамытып, бұқаралық спорт түріне айналдыру қажет. Елімізде жарыстардың көп өткізілгенін қалаймыз. Сонда ғана көп тәжірибе жинай аламыз. Біздің басты жарыстарымыз – Қазақстан чемпионаты, ашық және жабық Қазақстан кубогы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионат, 4–7 жас аралығындағы аттарға арналған чемпионат қана. Қалғандары – екінші дәрежелі байқаулар. Оған қоса, халықаралық шаралар көптеп өтіп, шетелдік қатысушылармен де жиі бақ сынасқымыз келеді. Оларға қарап, бірінші орын алуға ұмтыламыз, - дейді спортшы Нурила Тұрысбекова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Ал жаттықтырушылар федерацияға жаңа президент тағайындалғалы біраз өзгерістердің болып жатқанын айтады. Десе де, бұл спортты дамытуға жалғыз спортшылар мен федерацияның шамасы келмейтінін де тілге тиек етті.
– Мемлекет қолдамаса, біздің спортшыларымыз үлкен деңгейге шыға алмайды. Спортшыларымыздың 90 пайызы жарысқа өз аттарымен немесе демеушілердің көмегімен қатысады. Бұл деңгейде біз Азия ойындары мен Еуропадағы жарыстарға шыға алмаймыз. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе дейміз. Соңғы уақытта спортшыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Сол себепті, биылдан бастап министрліктің көзіне түсіп, қолдауға ие боламыз деген үміттеміз, - дейді Ат спортынан ҚР құрама командасының бас бапкері Әсет Толқынбеков.
Айта кетейік, елімізде Ат спорты федерациясы 32 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда, ат спорты олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына жатқанына қарамастан, Қазақстанда небәрі 50-ге жуық халықаралық дәрежедегі спортшы бар.