Ата Акчил: Қазақстандағы 40 млрд тонна қалдықты қайта өңдеу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Nazarbayev University Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры Ата Акчил мен осы мектептің деканы, профессор Рэнди Хазлетт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында сирек металл мен геология саласына қатысты айтқан бастамалары туралы пікір білдірді.

Қазақстандағы 40 млрд тонна қалдықты қайта өңдеу керек
Фото: NU

- Қазіргі таңда сирек жер элементтеріне жатқызылып жүрген 17 элементті, оның ішінде скандий мен иттрийді, толықтай өндіруге арналған технологиялық үдерістер әлі қалыптасқан жоқ. Алдын ала зерттеулерге сәйкес, осы элементтердің 95 пайыздан астамы Қазақстан жер қойнауында бар деп бағаланады. Қазір өндіріс тек жоғары үлесі бар, нарық пен шығын тиімділігі (Capex-Opex) тұрғысынан өзін ақтайтын элементтерге ғана бағытталған. Бұл бағытта, ең алдымен зертханалық деңгейде, одан кейін технологиялық дайындықтың 4-деңгейінен (TRL 4) жоғары пилоттық жобаларда ауқымды ғылыми ізденістер қажет, - дейді Ата Акчил.

Сондай-ақ, ол Азияда сирек металдарды өңдеу саласында бәсеке өте жоғары болатынын айтып отыр.

- Қытай, Вьетнам, Ресей, Үндістан және Малайзия сияқты бәсекелес елдермен тең дәрежеде болуы үшін Қазақстан ең алдымен барланған қорларды толық әрі тиімді бағалау керек. Ол үшін заманауи цифрлық геологиялық карталарды пайдалана отырып, қорлардың нақтылығын анықтап, содан кейін олардың экономикалық тұрғыдан тиімді бөлігін кешенді зерттеулер арқылы айқындау қажет. Бұдан соң ішкі және ұлттық өндірісте бәсекеге қабілетті технологиялық үдерістерді енгізуге бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыру маңызды.

Бұл шаралардың бәрі елдің стратегиялық және инвестициялық жоспарларына кіріктіріліп, кәсіби сарапшылар әзірлеген нақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын жол картасы жасалуға тиіс, - дейді ғалым.

NU профессоры Қазақстан өзіндегі тау-кен қалдықтарынан сирек металдарды қайта өңдеу арқылы да табысқа кенеле алатынын болжап отыр.

- Қазақстан мыс, алюминий, темір, хром, никель, қорғасын, мырыш, алтын, күміс сияқты бастапқы ресурстардағы сирек жер және асыл металдардың геологиялық анықтамасын қайта нақтылап, оларды коммерцияландыруға күш салу керек. Сондай-ақ бұрынғы КСРО кезеңінен қалған және қазіргі жаңа өндірістерден шыққан 40 млрд тонна тау-кен және металлургиялық қалдықтардан осы құнды элементтерді қайта алу мәселесі ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылуға тиіс, - дейді ғалым.

Профессор Президент бұл Жолдауында геология саласын дамытуға бағытталған өзекті бастамаларды тағы көтергенін айтады.

- Қазақстанның геология саласындағы инвестициялық ахуалына әсер ететін басты қиындықтардың бірі – технологиялық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Заманауи геологиялық құралдар мен әдістердің толық болмауы немесе дұрыс қолданылмауы қосымша шығындарға, барлау жұмыстарының кешеуілдеуіне әкеледі. Соның салдарынан кейбір кен орындарының өндіріс пен экспортты арттыру әлеуеті толық іске аспай отыр.

Бұл олқылықтар тәуекелді күшейтіп, көп жағдайда саланың шикізат қорын тұрақты игеруді қамтамасыз ете алмайды және табиғи ресурстардан түсетін ренталық төлемдерді ұзақ мерзімде азайтуға да мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, Қазақстанның батыс капитал нарығына қолжетімділігі шектеулі, ал инвестициялық бәсекелестік күшейіп отыр. Өйткені Қытай, Үндістан және Ресей сынды басқа да дамып келе жатқан елдер бай шикізат қорына ие болып қана қоймай, шетелдік инвесторларды қорғауға арналған арнайы тетіктер енгізген. Бұл оларды капитал үшін тартымдырақ бағытқа айналдырады, - дейді ол.

Қазақстанға жақын жатқан Ресей, Өзбекстан, Үндістан минералдық байлығы жағынан инвесторлар үшін тартымды болып отырғанын айтады ғалым.

- Бұл елдерде әктас, темір кені, мыс, магмалық мыс, никель, полиметалл, қалайы, вольфрам және басқа да кен орындары бар. Көпшілігі өздерінің қарқынды дамып келе жатқан экономикаларының қажеттілігін өтеу үшін минералдық қорды әртараптандыруға кірісті.

Қазақстанда болса, минералдық кен орындарын барлау мен зерттеуге бағытталған шетелдік инвестициялардың бір бөлігі уақытша тоқтатылды немесе мүлде үзілді. Оның негізгі себептері – ел ішіндегі саяси және экономикалық қиындықтар, - деген Ата Акчил Қазақстанның геология саласындағы инвестициялық тартымдылығын төмендетіп отырған негізгі факторларды атады.

- Олардың ішінде халықаралық минералды шикізат нарығындағы сұраныстың әлсіздігі, ұлттық валютаның құнсыздануы, инфляцияның жоғары болуы, тасымал шығындарының қымбаттығы, кен орындарының негізгі тұтынушы елдерден алыс орналасуы, құқықтық және реттеуші жүйенің тұрақсыздығы, күрделі инвестициялық ахуал, қоршаған ортаны қорғау талаптары және бірқатар шет мемлекеттің бюджет саясаты бар.

Қазақстан геологиялық барлауды тұрақты қаржыландыруға ұмтылып отыр, бұл бағытқа орталық бюджеттен шамамен 5-10% инвестициялық қаражат бөлу мүмкіндігі бар. Белгілі бір басым салалар үшін бұл көрсеткішті 2-3 есеге арттыруға болады. Елдің геология саласы тарихи тәжірибені де, қолданыстағы құқықтық-нормативтік базаны да ескеруге тиіс. Бұл үдерісте мемлекеттік қолдау, жекеменшік сектордың үлесі және даму мен инвестицияға жәрдем көрсететін халықаралық ұйымдардың ықпалы ескерілуі керек, - дейді профессор.

Ал NU Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің деканы, профессор Рэнди Хазлетт Қазақстан сирек металл саласына инвестиция тартқан кезде мұнай-газ өнеркәсібіне сырттан капитал тарту тәжірибесін барынша ескеретініне сенімді.

 Рэнди Хазлетт
Фото: Рэнди Хазлеттің жеке архивінен

- Мұнай-газ саласына инвестиция тартуда жіберілген қателіктер аз болған жоқ. Ең әуелі, Қазақстан мұнай өңдеу инфрақұрылымын дамытпады. Соның салдарынан еліміз дайын өнім емес, шикі мұнай мен газды ғана экспорттап отыр. Әсіресе қыста шикізатты тасымалдау қиын әрі қымбатқа түседі. Екінші қателік – батыс компанияларымен жасалған ұзақ мерзімді келісімдердің тиімсіздігі. Мәселен, алып Теңіз кен орнын алсақ, Қазақстанда технология мен қаржы тапшылығы болғандықтан, батыстық инвестиция тартуға мәжбүр болды. Бұл кен орны Кеңес дәуірінен белгілі еді, бірақ тереңде жатқан, ыстық әрі күкіртті мұнайды жарықшақты қабаттан өндіру үшін арнайы технология қажет болды. Қауіп-қатері жоғары болғандықтан, пайдасы негізінен шетелдік компаниялардың еншісіне тиді, - деп еске алады профессор.

Ғалым Қазақстан сол кезбен салыстырғанда қазір сирек және стратегиялық маңызды минералдарды игеру тұрғысынан экономикалық жағынан да, технологиялық жағынан да әлдеқайда қолайлы жағдайда тұр деп есептейді.

- Мұнай-газ саласындағы тәжірибеден сабақ алып, еліміз шикізатты сол күйі сыртқа шығармай, өз ішінде өңдеу өндірісіне қаржы құюы қажет. Бұл қадам сирек жер кендерінің құнын арттырып, табысты өз елімізде қалдыруға мүмкіндік береді. Кен өндіру мен минералдарды өңдеудің энергияны аз қажет ететін заманауи технологияларын зерттеуге инвестиция салу Қазақстан үшін бұл ресурстарды одан бетер тартымды ете түседі. Әрине, қор көлемін бағалауда белгілі бір тәуекелдер бар, дегенмен қазір Қазақстан тәуекел мен табысты әділ бөлісуге негізделген келісімдер жасауға әлдеқайда тиімді жағдайда тұр, - дейді Рэнди Хазлетт.

Соңғы жаңалықтар