Ата-аналардан артық құжаттар сұратқан мектеп директорлары жазаға тартылып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушылардың ата-аналарынан артық құжаттар сұратқан мектеп директорлары жазаға тартылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихатында Астанадағы кейбір мектептер ата-аналардан мекенжай анықтамасын сұратқанын және осы талаптың қаншалықты заңды екендігі туралы сауал қойылды.
«Осы аптаның ішінде Астана қаласы бойынша 5 мектептің директоры жауапқа тартылды. Соның ішінде қатаң сөгістер де бар. Жол берілген бұл қателіктерге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Басқа облыстарда, елді мекендерде бұл жұмыс ары қарай жалғасады», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, қызметке қатысты стандарттар бекітілген, соған сәйкес тек 4 құжатты мектепке тапсыру керек.
«Одан басқа құжат сұралса, осы мектептің басшылығын тиісті жауапқа тартатын боламыз», - деді Асхат Аймағамбетов.