Ата-аналардың 17 пайызы ғана балаларының аккаунттарын бақылап отыр – министрлік

Google белсенді емес аккаунттарды өшіре бастайды
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ойын бизнесі туралы заң жобасы аясында елімізде букмекерлік кеңсеге тіркелу үшін адамның жасы 25-тен асу керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев  мәлім етті.

Оның айтуынша, құмар ойын дерті балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелет жасына толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, құмар ойындар ойнайды екен.

«Ол балалардың өздерінің аккаунттары жоқ, яғни өзге аккаунттар арқылы ойнаған. Сондай-ақ бұл жасөспірімдер деректерді өзгертіп, яғни 21 жасқа толған адам ретінде ойынға қатысқан немесе ағасының және басқа туыстарының аккаунттарын пайдаланған. Бұл аккаунттарға QIWI Кошелек арқылы қаражат салып, ойындарын жүргізген. Сондықтан заң аясында букмекерлік кеңселерге аталған кошелектер арқылы қаражат толтыруға тыйым саламыз. Яғни, тек карта арқылы қаржы салуға болады. Енді букмекерлік кеңсеге тіркелу үшін жасы 25-тен асу керек және борышкерлер тізімінде аты-жөні болмауы қажет», - деді Е. Бейсенбаев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу ескерілген. Заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушыларды бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттеледі.

«Мұнымен қоса, жеке куәлік пен банк есеп-шотындағы мәліметтердің сәйкестігі тексеріледі. Тек осы мәліметтер сәйкес болған жағдайда ғана ойнауға рұқсат етіледі. Егер осы жүйеге қосылмаған букмекерлік кеңселер анықталса, олардың жұмысы заңсыз деп танылады», - деді депутат.

Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елімізде ата-аналардың көбісі балаларының смартфондарын бақыламайтынын айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімдер арасында лудомания дертінен емделіп жатқандар тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, лудомания - ол аурудың бір түрі. Онымен күресудің екі профилактикалық деңгейі бар. Біріншісі – жасөспірімдерге құмар ойынның кесірі туралы түсіндіру. Екіншіден, осыған шалдыққан балаларға қатысты психологиялық жұмыстарды жалғастыру ескерілген. Білім беру жүйесі бірінші деңгейде профилактиканы атқарады. 2023 жылы балалардың құмар ойындар мен компьютерлік ойындарға тәуелділігінен сақтауға қатысты арнайы жол картасы қабылданды. 2023 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, ата-аналардың тек 17 пайызы балаларының аккаунттарына бақылау жасайтын арнайы қосымшаларды орнатқан. Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін ата-аналарды қолдау орталықтары аясында оларды мектептерге шақырып, балалардың смартфонындағы аккаунттарды қадағалауға алу бойынша тәсілдер түсіндіріледі», - деді Е. Оспан.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев кейінгі екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар деген дерек келтірді. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз. 

Соңғы жаңалықтар