Ата-анасының қарауынсыз қалған балалар бейімдеу орталығына орналастырылды - БҚО

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аудандық прокуратураның жедел тобы 2000 жылғы Ә.Қ.Амангелдиев, 1999 жылғы Ә.Қ.Нұғманов, 1998 жылғы Ә.Қ.Амангелдиев және 1996 жылғы. М.Қ.Амангелдиевтің шын мәнісінде қараусыз қалғандығын анықтады.
Көршілерінің айтуынша, кәмелетке толмаған балаларымен бірге тұратын әкесінің үйінде болмағанына бір айдан астам уақыт өткен. Анасы РФ азаматы болуына орай балалар әжесі мен әкесінің қамқорында болған. Алайда әжесінің өмірден озуына байланысты қазіргі таңда кәмелетке толмаған балалардың әкесі Қ.Нұғмановтың 1 айдан астам мерзім ішінде ауылда болмауына байланысты қараусыз қалған.
Сөйтіп балалар БҚО бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Қазіргі уақытта Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімімен тексеру жүргізіліп, кәмелетке толмағандардың әкесі Қ.Нұғмановты әкелік құқығынан айыру үшін материалдар жинақталуда.
Бұл соңғы кезде Батыс Қазақстанда орын алып отырған осындай екінші оқиға болып отыр. Бұдан бұрын Орал қаласында үш бірдей өрімдей ұл мен қыз анасының қарауынсыз қалған еді.