Ата заң еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешуіне кепілдік беретін басты құжат - Қазақбай Қасымов

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Ата заңның аясында Қазақстан  бүгінде достықтың туын тіккен жерге, бірлік пен татулықты жыр еткен елге айналып отыр. Қазақстан дамуындағы Конституцияның рөлі жайында Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы   Қазақбай Таштемірұлы Қасымов әңгімелейді.
None
None


-Қазақбай Таштемірұлы, қазіргі көп ұлтты Қазақстанның дамуындағы конституцияның рөлі қандай?

- Қай заманда да кез-келген мемлекет  халқының бақытты болуы үшін алдына бір мақсаттар қойған. Ол мақсат егер заң жүйесімен, шынайы демократиялы Конституция арқылы жүзеге асатын болса, сол мемлекеттің болашағының жарқын да зор болатыны сөзсіз. Демократияға негізделген Конституция әрбір елдің өз ерекшелігіне сәйкес басты ұстанымдарын ұстау керек. Мысалы: бізде сот тәуелсіздігі, қос палаталы парламенттің болуы. Биліктің әрбір саласының бір-біріне тәуелсіз болып, өзара бірлесе қызмет етуі. Сот билігі мен саясаттың, прокуратура мен соттың бір-бірінен тәуелсіз болып қызмет атқаруының кепілін Қазақстан Республикасының Конституциясы қамтамасыз етеді. Мемлекетіміздің егемендігі Қазақстанның бүкіл аумағын қамтиды. Еліміздің осы аумағының тұтастығына қол сұғылмауын, бөлінбеуінің де кепілін Қазақстан Республикасының Конституциясы қамтамасыз етеді. Әлеуметтік мемлекет ретінде оның ең қымбат қазынасы - адамы, халқы. Елімізде әрбір ұлт өкілінің бостандығы мен теңдігін қорғап, еркіндігін қамтамасыз ету Ата заңымызда көрсетілуі  толеранттықтың құжаттамалық негізі болып табылады. Мұның да негізгі кепілі - Ата заңымыз, Конституциямыз болып табылады.

Бүгінде сіздер мен біздер, барша қазақстандықтар заман оқиғасының куәсі болып отырмыз. Жас қазақ мемлекетінің туып, оның қалыптасуын көзбен көріп, қолмен жасау бақытына ие болып отырмыз.

- Еліміздің таңдап алған жолына қалай қарайсыз?

- Таңдап алған жолымыз дұрыс, оның айқын көрінісін өткен жылдар тәжірибесі айқындап берді. Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік басқару жолы елімізді экономикалық және саяси күрделі жағдайда дағдарыстан абыроймен шығарды. Содан, нарықтық экономика құрылымының тетігі қалыптасты. Экономикамыздың қарқындап дамуы мен мәдениетіміздің гүлденуі ТМД елдері мен басқаларына үлгілі өнеге болды. Ал Елбасымыздың мемлекетімізде этно-саяси, рухани-саяси және ұлттық реформалардың дұрыс жүргізілуіне байланысты қалыптасқан ұлтаралық татулықтың тұрақтылығы әлем сахнасында Қазақстанның беделін арттырды. Болашаққа нық қадам басқан қазақ мемлекетіне дұрыс бағыт беретін, тура жолмен алып баратын өркениетті, дәулетті ел қатарына шығаратын, негізгі заң шығару керек болды. Сөйтіп, 1995 жылы жарыққа шыққан алғашқы Қазақстан Республикасының Конституциясы Үкімет пен халық арасындағы жан-жақты қарым-қатынас орнату жолында қызмет етуге бағытталды. Бертін келе еліміздің ары қарай белсенді дамуының барысында Конституциямызға өзгерістер енгізуге тура келді. Сондықтан 1998 жылы 7- қазанда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды.

Бұл Ата заңымыздың негізгі мақсаты ашық сөйлеу, айқын және әділ сайлау. Саяси партиялардың сайлау ісіне белсене қатысуы, мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау және тағы басқалар. Осы Конституцияға енгізілген өзгерістердің барлығы да мемлекеттік биліктің негіздерін қалап, тәуелсіздік алған мемлекетіміз үшін қызмет етті.

Бүгінде Елбасымыздың сара жолды, салмақты да салиқалы кемел саясатының негізінде аз ғана уақыт ішінде ерекше ел болып қалыптасқан Қазақстан бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқанын біз мақтан етеміз. Бүгінде ынтымақтың ошағы жағылып, тұрақтылықтың туы тігілген елімізде күллі қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырып, болашақта мемлекекетімізді заман дауылы шайқалта алмайтын, саяси жағынан сауатты, әлеуметтік жағынан тұрақты, экономикалық жағынан қуатты, өркениетті, дәулетті 50 мемлекет санатына қосуға байланысты  өте жауапты, күрделі міндет алдымызда тұр. Осы міндетті іске асыру үшін Қазақстанның даму моделін халықаралық стандартқа жеткізуіміз керек.

-Қазақстан Халқы Ассамблеясының бүгінгі күні атқарып отырған рөлі қандай? 

- Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет екенін білесіз. Саны шағын ұлттар да аз емес. Мемлекетімізде ұлысаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайту, елімізде тұратын барлық ұлттардың қоғамдарын, тілдері мен дәстүрлерін сақтау бағытында, мемлекетіміз саясатын әрі қарай дамытуда көпұлтты еліміздің халқын достыққа, татулық пен бірлікке топтастыратын Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөлі мен беделін көтеру мақсатында бізге конституциялық мәртебе берілді. Қазақстан Халқы ассамблеясы  - Елбасымыздың 2030 бағдарламасында құрған ҚХА-сы 14 жыл бойы көпұлтты тәуелсіз мемлекетімізде қалыптасқан ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді, ауызбірлік пен туысқандық қарым-қатынастарды жарастыра нығайту жолында өз міндетін ойдағыдай атқарып келе жатқанын мен қуанышпен айтқым келеді. Орны дараланып, мәртебесі асқақтаған Ассамблеяның алдына қойған басты міндеті - қоғамның белсенді саяси күші болуға қабілеттілігін таныту. Қазақстан Халқы Ассамблеясы өз болмысы арқылы барлық ұлттар мен ұлыстардың басқа кез келген халықпен терезесінің тең, керегесінің кең екендігін көрсетіп отыр. Міне Елбасымыздың ұлтаралық мәселелерді шешудегі ұлылығы, көрегенділігі мен даналығы осында деп білемін.

Бүкіл дүниежүзінде халықтар мен этностардың мүддесін ойлайтын аса мәртебелі Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚХА-ның республикамызда қоғамдық өмірдегі атқаратын рөлін кішігірім біріккен ұлттар ұйымы деп атауы тегін емес. Себебі ҚХА дүниежүзілік деңгейде, Біріккен Ұлттар Ұйымында, ЕҚЫҰ-да өзінің жоғары бағасын алды.

 Ассамблеяның елімізді заң шығару ісіне араласуы көпұлттылық пен көп конфессиялы қоғамда пайда болатын қайшылықтарды болдырмауға себеп болып, алдын-ала септігін тигізері сөзсіз. Ал Ассамблеяның өзі сайлаған депутаттар парламент қабырғасында оның мінберінен халықтың көкейіндегісін тауып, олардың мүдделерін заң жолымен реттеуді қамтамасыз етеді. Өткен жылғы Ассамблея өкілдерінің ел парламентіне сайлануы Ассамблея беделін арттырумен қатар, заң шығарушы орган - парламенттің де беделін арттыра түсті. Осындай Конституциялық реформалар елімізді демократияландыруға оң әсерін тигізетіне біздің күмәніміз жоқ.

Еліміздің осындай мерейлі мерекесі туған Отанымыздың гүлденуі мен алға қойған мақсаттарымызға сенімділік пен күш-жігер әкелсін. Достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен барша Қазақстан Халықтарының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін дегім келеді.

-Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар