Ата Заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! - БҚО әкімі

«Құрметті батысқазақстандықтар!
Сіздерді бүгінгі ұлық мереке - Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алып, толыққанды мемлекет болып танылуымызда еліміздің Негізгі заңы - Конституцияның орны айрықша.
"Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...", деп басталатын біздің Конституциямыздағы осы сөздерде мемлекеттілігін жаңғыртып, жаңа әділетті қоғам орнатуды мұрат тұтқан сан ұрпақтың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр.
Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген негізгі Заңымыз бүгінде тәуелсіздікпен егіз ұғымға айналды. Себебі біз кемел Конституцияны Тәуелсіздік арқылы қабылдадық.
Қазақстан жерінде бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Еліміз талай сындарлы кезеңді артқа тастап, аз уақытта бірнеше белестерді бағындырды. Алда алар асуларымыз да баршылық. Ол әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену.
Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғаннан бері қай салада болмасын ілгері өрлеу бар. Мәселен, елімізде зәулім ғимараттар тұрғызылып, заманауи мектептер, балабақшалар және жолдар салынуда. Аз уақытта әлем елдері астаналарынан кем түспейтін Елордамызды тұрғыздық. Мұның бәрі - баршамыздың Ата Заң аясында бірлесе еңбек етуіміздің арқасы.
Әлем жұртшылығы алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Елордада өтетін Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі - бұған бір дәлел, міне, біз осылайша қазақ елін дүние жүзіне паш етудеміз.
«Ынтымақ - ырыс қазығы» дегендей, ынтымағы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істеріне бүгінде әлем жұртшылығы тамсана қарайды және үлгі-өнеге тұтады.
Ата Заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Мереке құтты болсын!», делінген онда.