Атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев елордалық көрермендерді өзінің жаңа музыкалық жобаларымен тәнті етті

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев елордалық көрермендерді өзінің «Зере», «Сары қыз», «Ұлы дала сарыны» атты жаңа музыкалық жобаларымен тәнті етті.
None
None

Кеше К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен М.Бисенғалиевтің концерті еліміздің белгілі қоғам қайраткері, меценат әрі саяхатшы Сапар Ысқақовтың мерейтойына арналды.

2007 жылы Мәскеуде ғасыр меценаты атанған С.Ысқақов өткен жылы 70 жасқа толған болатын. Ол 2007 жылы Оңтүстік полюстен шамамен 100 шақырым жерде орналасқан «Амундсен-Скотт» американдық стансысында болып, онда Қазақстан мен «Нұр Отан» партиясының туларын орнатқан еді. Ал 2008 жылы Жердің ең Солтүстік нүктесінде Қазақстан туын желбіреткен еді. Сондай-ақ сағатына 2500 шақырым жылдамдықпен зымырайтын МИГ-29 әскери ұшағымен де көкке көтерілген болатын. Ол жер шарының 6 құрлығының 100-ден астам елін аралап, Антарктида мен Арктикаға табаны тиген алғашқы қазақтардың бірі.

Дарынды скрипкашы көрермен назарына С.Ысқақовтың демеушілігімен ағылшын композиторы Эрран Барон Коэн жазған «Зере» шығармасын орындады. Концерт авторы - қазіргі уақыттағы ағылшынның ең танымал композиторларының бірі Карл Дженкинс. Ал М.Бисенғалиев орындаған «Сары қыз» сюитасы бұған дейін жарық көрген «Тілеп» жобасының логикалық жалғасы болып табылады.
«Ұлы дала сарыны» шығармасын қазақ композиторы Серік Әбдінұров жазған болатын. М.Бисенғалиев аталған туындыны скрипкада ойнауы барысында оны елорданың филармониялық оркестрі сүйемелдеп отырды. Дирижер ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, хормейстер ретінде Ержан Дәуітов өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар