«Атамекен» этно-мемориалдық кешені 12 жылдығын атап өтті

Бұл атаулы күн Отбасы күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Халықаралық Отбасы күнін мерекелеуге орай кешен аумағында «Отбасымен бірге мұражайға барамыз!» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында келушілер еліміздің тарихымен және ұлыстардың мәдениеттерімен танысты.
Бұдан басқа, алғашқы 12 келушіге сыйлықтар таратылса, туған күнге орай отбасыларға арнайы тартулар жасалды, балалар мен жасөспірімдер үшін қызықты ойындар өткізілді.
Еске салайық, «Атамекен» Қазақстан картасы» паркі 2001 жылы 8 қыркүйекте ашылды. 2 га аумақта сәулеттік және табиғи көрікті жерлердің кішкентай көшірмелері орналастырылған. Атап айтқанда, Астананың нышаны - Бәйтерек, Бейбітшілік және Келісім сарайы, еліміздің басты өнеркәсіптік нысандары, ауылдық жерлер, тау ландшафттары, Бурабай демалыс орны, түрлі жолдар, көпірлер және т.б. Қазақстанның үлкен картасына барлық облыстар мен еліміздің бас қалалары - Астана мен Алматы сыйдырылған. Паркте барлығы 200-ден астам миниатюра жасалған. Олардың саны жылдан-жылға артып келеді.