«Атамекен» этно-мемориалдық кешені «Үздік патриоттық сабақ» республикалық байқауының қорытындысын шығарды
«Атамекен» этно-мемориалдық кешені тек демалыс және мәдениет ошағы ғана емес, Қазақстанның болашақ ұрпақтарын тәрбиелеп отырған үлкен ғылыми-әдістемелік орталық. Осыған орай, кешен мен Астана қаласы орта мектептерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.
2008 жылы этно-мемориалдық кешен базасында «Атамекен» патриоттары» жастар клубы ашылды. Жыл сайын елорда мектептерімен бірлесе «Үздік экскурсия жүргізуші» байқауы өткізіледі. 2011 жылы бұл атаққа ие болған 56 оқушыны этно-кешен жазғы демалыс уақытында жұмысқа алды. Ал биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және «Атамекен» этно-мемориалдық кешеніне 10 жыл толуына орай педагогтар арасында «Үздік патриоттық сабақ» республикалық байқауы жарияланды.
Оның мақсаты - жас ұрпақты тәуелсіз елдің 20 жылдық тарихымен және жетістіктерімен таныстыру, бойларына ұлттық рух, патриоттық сезім ұялату.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры Үмітхан Мұңалбаеваның айтуынша, сайысқа Астана мен Алматы қалаларының және Алматы облысының орта білім беру мекемелері қатысты. Тек елорданың 32 мектебінен 70 педагог қатысып, әртүрлі сыныптар арасында 60-қа жуық сабақ өткізді.
Байқауға қазылық еткен ғалымдар мен арнайы шақырылған қонақтардың шешімімен, бас жүлде - 100 мың теңге №56 мектеп мұғалімі Салтанат Омароваға берілді. Этнокешен директорының арнайы тағайындаған сыйы - Ә.Кекілбаевтың қолтаңбасы бар 12 томдық жинағы мен 20 мың теңге сыйақы №50 мектеп ұстаздары Г.Бөкенова мен Ш.Ілиясовқа, №64 мектептен Д.Бекназарова мен Д.Тұрарбековке тарту етілді.
Сондай-ақ бірқатар орта білім беру мекемесі түрлі аталымдар бойынша сыйға телевизорлар, ноутбуктер, музыкалық орталықтар, DVD ойнатқыштарды алды. Атап айтқанда, жеңімпаздар
«Ұстаздық шеберлік», «Ауылдың көркеюі - еліміздің көркеюі», «Заманауи келбет», «Гуманистік сабақ», «Тақырыптың өзектілігі», «Тәуелсіздіктің 20 жылдық шыңы», «Тәуелсіздіктің негізі - мемлекеттік рәміздер», «Айналдым сенен - Атамекен-ай», «Тарих тағылымы - ұрпаққа ұлағат», «Үздік инновациялық сабақ», «Астана - Еуразия жүрегінде», «Спортшылардың жеңісі - Қазақстанның мақтанышы» аталымдары бойынша анықталды.
Байқаудың қорытындысы ретінде өткізілген сабақтардың жоспарлары мен әдіс-тәсілдерінен жинақ құрастырылатын болады.