«Атамекен» ҰКП бизнеске арналған тегін қызметтердің түрлерін кеңейтуді жоспарлауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне отандық бизнеске қызмет көрсету аясын кеңейту бағытында бірқатар ұсыныстар енгізіп отыр.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта біздің тарапымыздан кәсіпкерлерге көрсетілетін 8 қызмет түрі бар: заңнамалық, бухгалтерлік, кедендік, мемлекеттік сатып алу, менеджмент, маркетинг, сапа деңгейін бағалаудың менеджменттік жүйесі және IT-технологиялар. Бұл жерде сапа деңгейін бағалаудың менеджменттік жүйесі біздің елде үлкен сұранысқа ие емес екендігін көріп отырмыз», - деп атап өтті Т.Шотанов.

Оның айтуына қарағанда, кәсіпкерлер қазір мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетіктеріне қатысты ақпараттарға көп қызығады.

«Мәселен, былтыр мемлекеттік-жеке меншік серіктестік туралы заң шыққан болатын. Бұл кәсіпкерлерге қаражаттың жетіспеушілігі жағдайында үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Кәсіпкерлер осының аясында жобаны қалай дайындау қажеттігін, реестрге қалай кіруге болатынын сұрап жатыр. Біз ҚР Ұлттық экономика министрлігіне отандық бизнеске қызмет көрсету аясын кеңейту бағытында бірқатар ұсыныстар енгізіп отырмыз. Соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік саласында бизнеске кеңес беру қызметін енгізу туралы мәселені көтердік», - дейді ол. 

Соңғы жаңалықтар
telegram