«Атамекен» ҰКП қызметкерлері Ақтөбеде террористер қолынан қаза болған отбасыларға 8 млн теңге аударады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барша бизнес-қоғамдастығы 5 маусымда Ақтөбе қаласында орын алған қайғылы оқиғаны айыптайды. Бейбіт кезеңде әскери қызметкерлер мен қатардағы азаматтардың лаңкестер қолынан қаза табуы барша қазақстандықтардың наласын тудырып отыр. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үндеуінде айтылады.

Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы террористік шабуылдың салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айта келе, құқық қорғау органдарының террористерге қарсы бағытталған әрекетін толық қолдайтындықтарын мәлімдейді.

«Құзырлы органдар мен жергілікті билік қылмыскерлер мен экстремистерге қарсы ымырасыз күресті жалғастырулары қажет. Біз бейбіт халықтың тыныштықта өмір сүруге деген тілегі мен ұмтылысын қолдаймыз. Мемлекеттік органдар ғана емес, жалпы қоғам болып мұндай қылмыстардың алдын алуға күш жұмылдыруымыз қажетз. Өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекет салдарынан қайтыс болған қарапайым азаматтар мен әскери қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсетуге дайын», - делінген үндеуде.

Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері террористер қолынан қаза тапқан ақтөбеліктердің отбасыларын қолдау қажеттігін алға тартады. Осыған байланысты палата қызметкерлері қара жамылған отбасыларға бір күндік еңбекақы көлемінде, яғни 8 млн теңге шамасында көмек беруге шешім қабылдаған.

Соңғы жаңалықтар