Атауы жоқ ауыл да бар екен...- Өңірлік баспасөзге шолу
***
Айналайын, сенің атың «Асем» емес, Әсем! - «Сарыарқа самалы» газеті
«Сарыарқа самалы» газеті аты-жөнін әлі күнге дұрыс жаза алмай, жаза алмай емес-ау, жазғысы келмей жүргендер туралы мәселе көтерген екен. Мақала авторы бұндай кеселден арыла алмай жүргендерді «мәңгүрттік» деп бағалайды. Тіпті мұны бүгінгі жастардың ғана емес, ұстаздардың бойындағы дерт екенін жазады автор. «Бүгінде құжат алу мен құжат өзгертуден оңай дүние жоқ. Яғни, жеңілдетілді. Неге барып, кезінде кеткен «қисығымызды» жөнге салмаймыз? Аты-жөні бұрмаланып жүрген осындай жандарға «бетің қисық» дейікші баж ете қалады. Сотқа сүйреуден тайынбайды. Ал есімнің шалалығын қайда қоямыз?» деп жазады автор.
Ысырап. Уақыттың ысырабы... - «Орталық Қазақстан» газеті
Ысыраптың қай-қайсысы да жақсы емес. «Орталық Қазақстан» газетіндегі бұл мақалада әсіресе адамның ең қымбат уақытына қатысты ысырап туралы айтылыпты. Ал біз уақытты қалай ысырап етіп жүрміз? Бұл жайында сөзін мақала авторы виртуалды әлемде адасып жүрген ағайынға арнаған екен. «Араққа, темекіге, құмаройынға, тіпті, зинақорлыққа тәуелді болып қалған адам кездеседі. Ол үшін мынау "мәнсіз өмірде" сол өзі тәуелді болған нәрседен басқа қызық қалмайды. Сондай сойқанның тағы бір түрі - әлеуметтік желі» дейді автор. Бұл ретте ол әлеуметтік желіні «адам санасын улау арқылы қоғамға төнген қатер» деп теңейді.
«Осы күні қамшының сабындай қысқа ғұмырдың көбі онсыз да теледидар мен телефонға телмірумен өтеді. Бәрі - еліктеу мен солықтаудың салдары. Есіл уақытты бағалай білмегендіктен! Ерік-жігердің осалдығынан!» деп түйеді автор.
Дәстүрдi дiнге қарсы қою кiмге қажет?- «Оңтүстік Қазақстан» газеті
«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі мақалаға әлеуметтік желіде талқыланған дін төңірегіндегі мәселелер арқау болған екен. Әсіресе, жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты автор өз пікірлерін алға тартады. «Мәйітті қайтыс болғаннан соң қанша уақыттан шығарған жөн» дегеннен бастап, жыртыс таратуға дейінгі айтыс-тартысы көп әңгімеге қатысты өз пайымын келтіреді. Мешіттерде сыналатын «қаралы үй» дастарханына қатысты да өз уәжін алға тартады. Қайтыс болған үлкен, абыройлы кісілердің асын ат шаптыра берудің еш сөкеттігі жоқтығын айтады.
«Қазақ «бір өліде, бір тіріде», «торқалы тойда, топырақты өлімде» деген дана халық. Осы екі жиында кеудесінде жаны бар ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранның басы бір қосылатын болуы тиіс. Басы қосылу - бірлікке ұмтылу деген сөз. Сондықтан қаралы жиын да, онда атқарылар діни рәсімдер мен ұлттық дәстүр-ғұрып та - бәрі-бәрі қазақтың басын қосуға, біріктіруге, ынтымаққа қызмет етіп келген. Алда да солай бола бермек. Олар сонысымен де құнды! Хақиқи дініміздің мыңжылдықтар сөресінен сұрыпталып жеткен асыл салт-дәстүрімізді шетке ысыруы бұрын болған емес. Ендеше, «өнбейтін дауды өспейтін бала қуадының» керін келтірмейік, қазақтың басын қоспайтын, арасын ашатын мәселелерге жол бермеуге тырысайық!» деп түйіндейді мақала авторы.
Аралас неке: шынайы махаббат көрінісі ме, әлде...- «Атырау» газеті
«Атырау» газетіндегі мақалада мынандай статистика келтіріледі: жыл сайын жүз мыңнан астам жұптың некесі тіркелсе, оның ішінде жиырма мыңы - аралас неке. Мәселен, былтыр 3238 неке тіркелсе, соның 123-і - шетелдіктермен құрылған отау екен. Мамандардың сөзі бойынша, көп ретте қазақтарға Өзбекстан, Қарақалпақстан елінің азаматшалары келін болады, ал қазақ қыздары түрік, ағылшын, орыс, өзбек, украиндерге тұрмысқа шығады екен.
«Халқымыз ықылым заманнан бері өзге ұлттан келін түсірген. Шапқыншылық кездерінде жеңіліс тапқан жақтың қыздарын тұтқынға алып кету үрдісі белең алғаны белгілі. Ал, оның бер жағында қазақ зиялыларының өзбек, татардың сауатты бойжеткендерімен бас қосқаны да тарихтың бір бөлшегіне айналып кетті. Кейін осы жандар халқымызға сіңіп, жаны да қазақ болып кеткен. Кез келген аймақта мұндай оқиғалар кездесері ақиқат. Алайда, аядай ғана ауылда әлгі адамның ұлты өзге екенін ұмытып кеттік дейтіндер жетіп артылады. Салтты да сақтап, отбасын да ұйытып отырған осындай аналар қаншама! Ендеше кейінгі кезде аталмыш мәселенің өзекті болуының себебі неде?» деп жазады автор. Дегенмен, мұнда мәселе өзге ұлтқа қыз беруде болып отыр. Мақалада осы мәселе де сөз болады. «Әйтсе де аралас некеге барудың себептері де сан алуан. Бірі жалынды махаббат десе, енді бірі материалдық жағдайын түзеу үшін барған бақай есептің бірі екенін айтады». Автор осындай неке құрған отбасылардан да пікір берген екен.
Ұйғыр ауданында атауы жоқ ауыл бар - «Жетісу» газеті
«Жетісу» газетінің редакциясына Ұйғыр ауданынан «Атауы жоқ ауыл» деген атпен бір қауым елдің мұңын арқалаған хат келіп түскен екен. Атауы жоқ ауылды көпшілік «Канал учаскесі» деп айтатын көрінеді. Атауы былай тұрсын, бір кездегі елді мекен қазір қараусыз қалғандай. Осыған байланысты редакция хатты Ұйғыр ауданының әкімдігіне жолдап, түсініктеме беруін сұрапты. Мақаладан соң жергілікті атқамінерлер Канал учаскесіне барып, тұрғындармен кездесу өткізген. Белгілі болғанындай, елді мекенге ауыл мәртебесі берілмегендіктен қордаланған мәселелер, соның ішінде таза ауызсумен қамтудан бастап, мектеп салуға дейінгі проблемалар да бар болып шыққан. «Қазіргі кезде Канал учаскесінде 38 тұрғын үй бар, кұжаттары рәсімделген. Тұрғын үй салуға жер телімін алуға өтініш берген тұрғындар да бар, олар жалпы округ бойынша тізімге қойылған. Жалпы Каналдағы тұрғындар саны 186 адам, олардың ішінде 0-7 жас аралығындағы 31 бала бар. Бұл жерде бүгінгі күнге 4 «Алтын алқа», 5 «Күміс алқа» иегерлері бар. Яғни демографиялық өсу деңгейі байқалады» деп жазылыпты мақалада.
Руға бөліну бақ па, сор ма - «Не хабар?!» газеті
Мақалада «трайбализм» мәселесі талқыланып, оның әр елдердегі көрінісі сараланыпты. Орталық Азиядағы бауырлас, көршілес елдерде орын алған бірлі-жарым мысалдар келтірілген.
Қазақстанға қатысты «рушылдықтың адамдар арасында туыстық қатынастардың жойылмауы мен сол арқылы халықтың өзін-өзі сақтап қалуына жағдай жасағанын» жазады. Пайымынша, бұл мемлекеттік басқару құрылымын оңтайландыруға да септігін тигізген. «Қазіргі трайбализмнің көрінісі қазақтар басым орналасқан облыстарда жиі байқалады. Е.Алияровтың зерттеуіне сәйкес, респонденттердің пікірінше, мемлекеттік басқару органдарында 46 пайыз руға байланысты қызметке алынуын дұрыс деп санаған. Ал Т.Үмбеталиеваның зерттеуі бойынша, қазақтардың 75 пайызы мемлекеттік қызметтерден өзге жұмыс салаларында ешқандай да рулыққа қарамайтынын көрсеткен» деп жазады автор.