Ауыл тұрғыны ат баптап, тазы жүгіртуді желіде дәріптеп жүр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұратын мемлекеттік қызметші Ұлан Сайтмұхаев #Qazalemi хэштегімен қысқы көріністерден бірнеше видео жариялады.

жылқы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұлан Жанботаұлының айтуынша, табиғат аясы таза ауасымен қоса адамға ерекше күш-қуат береді. Тауы болсын, даласы болсын, тоғай-нуы, өзен-көлі болсын, әрқайсысының өзіне тән жаратылысы бар. 

— Табиғат аясындағы аң-құстарды, өскен өсімдіктерді тамашалай жүріп, сол тіршіліктен өзіңнің ішкі дүниеңе керек қоректі алуға болады. Әркім табиғатты өзінің түйсігіне қарай қабылдайды. Соққан жел теректегі жапырақ, өсіп тұрған шөпті қозғағанда, сол сылдыр, гуілдің өзінен тіршіліктің тынысын сезінуге болады. Жабайы аң-құстың өзіне тән өмірі болады. Әгарики тап келсе, сол жәй ғана бір-екі минуттық сәттің өзінен ғибрат алуға болады. Ондай кездесулер маған үнемі сәттілік әкеледі, — дейді Ұ.Сайтмұхаев.

жылқы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның сөзіне қарағанда, кішкентай кезінен жылқы көріп өскен. Сондықтан ат баптап, тазы жүгірткенді жаны сүйеді.

— Жылқыны ұстаған соң, жануардың уақытымен шөп, жемі, суын беріп, тиісті екпелерін жасап, режимін бұзбау керек. Бала кезден бойға сіңген нәрсе, малдың асты құрғақ болуы тиіс. Мал тұяғынан жұтайды дегенді аталарымнан көп естіп өстік. Дала кезіп, тазы жүгіртіп кеткенде, бес, алты, жеті сағатқа дейін жүресің. Неше сағат мінсем, сонша уақыт суытамын. Күн салқында, қыс мезгілінде терлеп келген аттың ерін шешіп, үстіне жабу жабып, тізгінін түріп, басын жоғары байлап қаңтарамын. Тиісті уақытына сәйкес суыған соң отқа қоямын. Сағат, сағат жарым оттаған соң күн, түніне қарамастан суғарамын. Сосын тиісті мөлшердегі сұлысын беремін. Күнделікті аунатуы және бар. Жаз мезгілі, күн жылыда ауыл сыртындағы бөгеттерге шомылдырып жуындырып әкелемін. Кір сабынмен көбігін көпіртіп, суға түсіремін. Мұның бәріне еш ерінбеймін, — дейді ол.

Теректі ауданында, Жайық бойында табиғаты әсем жерлер жетерлік. Теректі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ұ.Сайтмұхаев қолөнермен де айналысады. Қамшы өріп, үйіне келген қонақтарына сыйға тартады.

— Демалыста шабыт туласа, таспа тіліп, тобылғы түзетіп, қамшы саптағанды тәуір көремін. Үйдегі жылқы, тазыларыммен дала жортқанды жаным сүйеді. Дос-жарандармен табиғат аясында от жағып, самаурыннан шәй ішкенді қалаймын, — деді Ұ.Сайтмұхаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram желісіндегі парақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай байқау ұйымдастырған болатын. Қатысушылар өз аймағындағы қыс келбетін және қысқы, көрікті жерлерді сурет пен видеоға түсіріп, #Qazalemi хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеуі қажет. Ең креативті жұмыстардың авторларына сыйлықтар — жаңа смартфондар мен шипажайға жолдама беріледі. Байқау қорытындысы 27 желтоқсанда жарияланады.

Айта кетейік, бұдан бұрын туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген Төлеби ауланының тұрғыны жайында жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, кентаулық тұрғын қысқы кейіпке енген кеншілер қаласының суреттерін желіге жүктеп, #Qazalemi хэштегімен жариялаған байқауға қатысқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар