Атбасарда Сібір жарасынан екі ауыл карантинге жабылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты екі елді мекеннен Сібір жарасы анықталып, ауылдар карантинге жабылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

— Карантин зертханалық сынама алып, оның қорытындысы нақтылағаннан кейін енгізіледі. Оған дейін шектеу шарасы қабылданады. Біз шектеу шарасын қабылдадық, бұған дейін карантин қабылданған жоқ. Аумақты қоршап, шлагбаум қойылды. Республикалық эпизоотиялық жасақ дезинфекциядан бастап, өңдеу, жою жұмысын жүргізді. Зертхана нәтижелері туралы қорытынды алғаннан кейін, біз дереу 1 шілдеде карантин енгіздік, — деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, карантин 15 күнге созылады.
— Одан кейін тағы да топырақтан және басқа да нысандардан сынама алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі, егер нәтиже теріс болса, карантин тоқтатылады. Індетті 19 адам жұқтырды, бір адам ауыр халде, қалғандарының жағдайы орташа ауыр. Барлық адам дәрігерлердің бақылауында, жағдайы жақсарып келеді. Денсаулық сақтау саласы бұл мәселені бақылауда ұстап отыр, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске салсақ, биыл 30 маусымда Ақмола облысында сібір жарасының теріге шығатын түрі тіркелді.