Атбасардағы бөгет аса ауқымды мөлшердегі суды ұстап қалды - ТЖК бастығы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атбасар ауданындағы бөгет аса ауқымды мөлшердегі су мөлшерін ұстап тұр. Бұл туралы елордадағы бүгінгі брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Екі күн бойы автокөлік көпіріндегі су деңгейі 385 сантиметрге көтерілгенін бақылаған едік. Бұл көрсеткіш - биылғы жылдың ең жоғары деңгейі екенін атап өту керек. Алайда тәулік ішінде су деңгейі төмендеп, 3,5 метрге түсті. Бір тәулік бойы осы деңгейде сақталып тұр. Ол жерде қауіпті деңгей 3,54 м. Яғни, су 40 сантиметрге асып тұр. Жағалау бойы бөгет салынып, бұрын ол жарылып кететін еді. Тіпті оған қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Алайда бөгет осы жолы судың бәрін ұстап қалды», - дейді Владимир Беккер ведомствода өткен брифингте.

Комитет төрағасының болжауынша Атбасар ауданында су деңгейінің төмендеуі бүгіннен басталады.

«Бүгін су деңгейі төмендей бастайды деп болжап отырмыз. Бас жағында-ақ судың аздап азайып келе жатқаны байқалады. Биыл Атбасар осынау кезеңді сәтті өткізер деген үмітіміз бар. Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің деңгейі Атбасарға қауіп төндірерлік бұрынғы деңгейде (3,50 м, қауіпті жағдай 3,45 м) қалып отыр. Бөгет суды ұстап қалды. Бүгін су деңгейі төмендеуі керек. Тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырғанын атап өткім келеді», - дейді ол.

Беккердің сөзіне сенсек, Сандықтау ауданында да су деңгейі төмендеп келеді.

«Сандықтау ауданында Сандықтау ауылына қауіп төндірерлік Жабай өзенінің су деңгейі 2,3 метр болып отыр. Қауіпті деңгей ол жерде - 3,2 метр. Балкашино ауылында су дейгейі 1,55 м деңгейінде. Ол жердегі қауіпті деңгей - 2,20 м. Су жағасында мамандар тұрақты талдау жұмыстарын жүргізіп отыр», - дейді Владимир Беккер.

Еске сала кетсек, өткен айдың соңында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Ақмола және Қарағанды облыстарында су басу қаупі бар аумақтарда алдын алу шаралары мен қауіптерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

https://kaz.inform.kz/news/eldi-mekenderdi-su-basu-kaupi-zhok-kr-iim-tzhk_a3512515

Соңғы жаңалықтар