Атбасарды тағы да су басу қаупі бар
«Атбасар қаласын қорғау жұмыстарының жай-күйі алаңдатып отыр. Жаңа бөгетті салу жұмыстарының қажеттігіне қарамастан қаражаттың жоқтығы салдарынан тек қана су бұзып кеткен жерлерді жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ғана жүргізілуде. Осылайша, су көлемі өткен көктемдегідей болған жағдайда Атбасар қаласын тағы да су басу қаупі бар», - деді ол.
Министрдің дерегінше, Ақмола мен Павлодар облыстарын қоспағанда қалған өңірлердің әкімдіктері су қорғау аймақтарының шекарасын, елді мекендер белдеуін түзету, қауіпті аймақтардағы өндірістік нысандар мен тұрғын үйлерді көшіру негізін бағалау жұмыстарын жүргізбеген. Су тасқынынан елді мекендерді және көлік инфрақұрылымы нысандарын инженерлік қорғау жүргізу құжаттарын дайындау барысында жұмыстар да баяу ілгерілеуде.
«Мәселен, 2018 жылы атқарылуы жоспарланған 132 шараның Ақмола облысында екеуінің, Ақтөбеде 19-ының, Алматыда 20-сының, ШҚО-да 40-ының, Қызылордада 24-інің, Павлодарда 24-інің құжаттарын әзірлеу басталмаған да. Сонымен қатар, Қостанай облысында 2 бөгеттің, Қызылордада 6, ал Қостанайда 2 гидротехникалық құрылғының құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде. Оларда атқарылған жұмыстардың көлемі 70 пайызға да жетпейді», - деді Қалмұханбет Қасымов.