Атбасарлық шаруалар малдарын 350 шақырымдағы Қарағанды облысы аумағында бағуда (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігі мал жаятын жайылым жетіспеген соң жылқыларын сонау 350 шақырым жердегі Қарағанды облысында бағуда.
None
None

Бұл туралы бүгін Ақмола облыстық мәслихатының 6-шы шақырылған 3-ші сессиясында айтылды.

Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров пен облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин және аудан, қала әкімдері мен басқармалар, департаменттер және ведомстволар басшылары қатысты.

Сессияда агроөнеркәсіп кешені саласында қайта өңдеу және мал шаруашылығын дамыту перспективалары туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар, сессияда облыстық мәслихаттың аграрлық және үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің Атбасар және Қорғалжын аудандарына жұмыс сапары қорытындыланды.

Облыстық мәслихат депутаты Нартай Ысқақовтың айтуынша, депутаттардан құралған жұмыс тобы Атбасар ауданының «Шуйский ХХІ», «Бастау» және «Полтавка-2» серіктестіктерінде болып, мал шаруашылығын дамытудың бүгінгі жағдайы және келешектегі даму мүмкіндігімен танысқан.

«Атбасар ауданындағы іргелі шаруашылық саналатын «Бастау» серіктестігінде мәселе жоқ емес. 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен мал шаруашылығы кешенінің жұмысы дұрыс жолға қойылған серіктестікте осы күні 4619 бас ірі қара мал бағылуда. Оның 2603-і қазақтың ақбас ірі қарасы, қалғаны абердин ангус асыл тұқымды малы. Алдағы уақытта серіктестік ірі қара санын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Оған қоса, үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойы бар. Шаруашылық мал жаятын жайлым жетіспеген соң жылқыларын сонау 350 шақырым жердегі Қарағанды облысының Нұра ауданында бақса, қойларын «Атбасар нива» серіктестігінің жерінде келісімшарт арқылы жаюда», деді  Н.Ысқақов.

Ауданда бірде-бір ет және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың болмауынан шаруалар біраз қиындық көріп отырған жайы бар. Мәселен, сүтті Зеренді ауданындағы «Милк Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытына тасымалдауда.

Мұндай жағдайлар Қорғалжын ауданында да кездеседі. Көрші аудандардағы зауыттар қорғалжындықтардың сүтін сапасыз деп арзан бағалайтын көрінеді. Сессияда ауыл шаруашылығынан басқа өзге салаларды да дамытуға қатысты мәселелер айтылды.

Дегенмен, мән-жайымен жақын танысқан облыстық мәслихат депутаттары нақты бір шешім шығармас бұрын аудан, қала әкімдері мен бірқатар басқармалар, департаменттер және ведомстволар басшыларының қатысуымен бұл мәселені одан әрі терең зерттеп тығырықтан шығу жолдарын қарастыру туралы қорытындыға келді.

null null null null null  

Соңғы жаңалықтар