Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақаудың себебін арнайы комиссия тексереді

мұнай
Фото: pixabay

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бутенді олигомеризациялау қондырғысындағы бензин коллекторында ақау шыққан еді. Аталған ақаудың себебін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, арнайы комиссия тексеруді бастайды. 

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен аварияны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады», -деп хабарлады департаменттен.

Еске сала кетелік, Атырау мұнай өңдеу зауытының бензин коллекторындаңы ақау 26 ақпанда анықталған

«Өнімді тез ығыстыру үшін осы желіге 15 кг/текше см қысыммен су берілді. Қазір ақау анықталған учаскені жою бойынша жедел шаралар қабылданды. Барлық технологиялық қондырғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр», -деп хабарлаған еді зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі. 

Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» комиссиясы Атырау мұнайын өңдеу зауытын тексеруді бастағанын жазған едік

Комиссияның тексеруінен соң зауыттың бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды.

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас инженері тағайындалды

Соңғы жаңалықтар