Атырау әуежайы жаңа терминалының жобасы қай кезеңде

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы биыл басталуға тиіс еді. Алайда қараша айының соңына дейін құрылыс жұмысы қолға алынбаған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба әлі сәулеттік тұжырымдаманы әзірлеу және жобалық шешімдерді нақтылау кезеңінде, нысанның іргетасы қашан қаланатыны әзірге белгісіз.

Атырау әуежайы жаңа терминалының жобасы қай кезеңде
Фото: Атырау облысы әкімдігі

2024 жылы еліміздің көлік министрі болған Марат Қарабаевтың Атырауға жұмыс сапарымен келген кезде жаңа кешен құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталатыны айтылған. 

2025 жылы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев та ауданы 16 мың 500 шаршы метр болатын жаңа терминалдың құрылысы басталатынын мәлімдеген еді. 

Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы 2024 жылы Qaz Air Investments LLC компаниясының иелігіне өтті. Жаңа жобаның халықаралық инвесторы да дәл осы компания. Бұған дейін әуежай акциясына түркиялық «Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma A.Ş.» компаниясы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы теңдей иелік етті.

Биыл маусымда өңірге іссапармен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келген кезде облыс әкімдігімен арадағы келісімшарт бойынша нысан сенімгерлік басқаруға берілген соң жобалау мәселелері шешіліп, құрылыс басталуы керек екені айтылды. Ал инвестордың жол картасында жобалауға 2026 жылғы шілдеде кірісетіні және жұмысты аяқтау мерзімі 2027 жылғы желтоқсанға белгіленгені көрсетілген.

Нұрлыбек Нәлібаев мұны сынға алып, 1 шілдеге дейін эскиздік жобаны бекітуді және биылғы тамызда құрылыс жұмысын бастауды тапсырған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұдан әрі жұмыс мерзімін созуға жол берілмейтінін атап өтті. Міндет орындалмаса, жобаны басқа инвесторға беру жөнінде мәселе көтерілмек болған.

Бүгінде әуежай маңынан қарқынды құрылыс байқалмайды. Мәселенің мән-жайын Kazinform тілшісі Атырау облысы әкімдігінен білуге тырысты.

Жобаның сәулеттік тұжырымдамасын қытайлық компания жасап жатыр

2026 жылғы 23 қазанда жаңа терминалдың жаңартылған сәулеттік тұжырымдамасы облыс әкіміне таныстырылды. Аталған тұжырымдаманы қытайлық ECADI компаниясы қазақстандық мамандармен бірлесіп әзірлеген. Атырау облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, ECADI компаниясының жобалау жұмысына тартылуы инвестордың ауысқанын білдірмейді.

— ECADI — жобаның сәулеттік тұжырымдамасын әзірлеуге қатысқан ұйым, ал Qaz Air Investments LLC — бұрын жарияланған халықаралық инвестор. Бастапқы жобаның сәулеттік және жоспарлау шешімдері нақтыланып, терминалдың функционалдық мүмкіндіктері мен өңірдің табиғи-мәдени ерекшеліктерін ескеретін жаңа архитектуралық шешімдер ұсынылды, — делінген әкімдік жауабында.

Атырау әуежайы жаңа терминалының жобасы қай кезеңде
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Компания ұсынған тұжырымдаманың негізгі мақсаты — заманауи халықаралық әуежай талаптарына сәйкес келетін, жолаушыларға қолайлы жағдай жасайтын және өңірдің өзіндік ерекшелігін көрсететін терминалдың сәулеттік әрі функционалдық келбетін қалыптастыру. Сонымен қатар жобаның келесі кезеңдерінде сәулеттік шешімдерді нақтылау, инженерлік жүйелерді, конструкциялық жүктемелерді, электрмен жабдықтауды, жолаушылар ағынын ұйымдастыруды, жарықтандыру мен қауіпсіздік талаптарын толық пысықтау көзделеді. Айта кету керек, сәулеттік тұжырымдаманы әзірлеу жобалау-сметалық құжаттаманы толық әзірлеу немесе құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау міндеттемесін автоматты түрде білдірмейді.

— ECADI компаниясының жобалаудың келесі кезеңдеріне қатысу көлемі жасалған келісімшарттар мен техникалық тапсырмаға сәйкес айқындалады. Ал құрылыс жұмысына жауапты бас мердігер ұйым туралы нақты ақпарат жобаны іске асырудың тиісті ұйымдастырушылық және шарттық рәсімдері аяқталғаннан кейін жарияланады, — деп түсіндіреді әкімдік.

Жаңа терминал құрылысы қашан басталатыны әзірге беймәлім

2025 жылы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Аталған инвестиция халықаралық инвестор Qaz Air Investments LLC компаниясымен байланысты. Бастапқы жоспар бойынша қаражат әуежайдың инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа жолаушылар терминалын салуға, қолданыстағы нысандарды жаңартуға және әуежайдың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы көзделген. Жобаны іске асыру барысында инвестициялық қаражаттың мақсатты бағытталуы, қаржыландыру кезеңдері және инвестордың міндеттемелерінің орындалуы тиісті келісімдер шеңберінде қамтамасыз етілуге тиіс.

Ресми жауапқа сүйенсек, бүгінде жаңа жолаушылар терминалы жобасы сәулеттік тұжырымдаманы әзірлеу және жобалық шешімдерді нақтылау кезеңінен өтіп жатыр.

— Келесі кезеңде ұсынылған тұжырымдаманы негізге ала отырып, жобаның инженерлік-техникалық шешімдерін пысықтау, қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, тиісті сараптамалардан өткізу және құрылыс жұмысына қажетті дайындық рәсімдерін жүргізу көзделеді. Құрылысты бастау үшін жобалық құжаттама дайын болуы, қажетті келісімдер мен сараптамалар алынып, құрылыс алаңы әзірленуі және қаржыландыру мәселесі шешілуі қажет. Құрылыс басталатын нақты күн жобаның дайындық деңгейіне және инвестордың міндеттемелерін орындауына қарай айқындалады, — деді аймақ басшысының орынбасары Дарын Шамұратов.

Жобаны іске асыру шеңберінде тараптардың міндеттері олардың құқықтық мәртебесі мен жасалған келісімшарттарына сәйкес бөлінеді.

Атап айтқанда:

Инвестор — Qaz Air Investments LLC: әуежайды жаңғырту жөніндегі инвестициялық міндеттемелерді орындау, жобаны қаржыландыру және белгіленген жоспарға сәйкес іске асыру мәселелеріне жауап береді.

Жобалаушы — ECADI: жаңа терминалдың сәулеттік тұжырымдамасын қазақстандық мамандармен бірлесіп әзірлеуге қатысады. Одан кейінгі жобалау жұмысына қатысуы тиісті келісімшартпен айқындамақ.

Құрылыс ұйымы: құрылыс-монтаж жұмыстын бекітілген жобалық сметалық құжаттамаға, құрылыс нормаларына және техникалық талаптарға сәйкес орындауға тиіс.

Әуежай операторы: қолданыстағы әуежайдың үздіксіз жұмысын, авиациялық қауіпсіздікті және құрылыс жұмыстары кезінде жолаушыларға қызмет көрсету үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуі қажет.

Жаңа жолаушылар терминалының негізгі мақсаты — Атырау халықаралық әуежайының өткізу қабілетін арттыру, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және халықаралық авиациялық тасымалдарды дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастыру.

— Бастапқы жобалық параметрлерге сәйкес, жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін әуежайдың жылдық өткізу қабілетін 800 мың жолаушыдан 3 млн жолаушыға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар болашақта жолаушылар ағыны өскен жағдайда өткізу қабілетін 6 млн жолаушыға дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа терминалды жобалау кезінде жолаушыларға қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыруға, заманауи технологияларды енгізуге және әуежайдағы кезектерді азайтуға ерекше назар аударылып жатыр, — деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Атап айтқанда, терминалдың функционалдық құрылымында жолаушылардың қозғалыс бағытын тиімді ұйымдастыру, ішкі және халықаралық рейстер ағындарын бөлу, тіркеу және қауіпсіздік тексеру аймақтарының өткізу мүмкіндігін арттыру қарастырылмақ.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежайды сертификаттау рәсімі келесі жылдың ақпан айында басталатынын жаздық.