«Атырау барыстары» командасының канадалық ойыншысы волонтерлер қатарына қосылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау барыстары» командасының канадалық ойыншысы волонтерлер қатарына қосылып, Жайық өзенінің жағасына бөгет салуға көмектесті.
«Атырау барыстары» командасында ойнайтын Канаданың азаматы Майкл Окафордың айтуынша, мұндай қиындықты бірлікпен ғана жеңуге болады.
«Мен «Атырау барыстары» баскетбол клубының ойыншысымын. Канададан келдім. Қазір өзім тұратын Атырау қаласына тасқын судың қаупі төнді. Бұған атыраулықтармен бірге мен де алаңдап отырмын. Өйткені шетелдік болсам да осы елдің тыныштығын, әр қазақстандық пен қонақтардың көңілі көтеріңкі жүргенін қалаймын. Сол себептен, Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті биіктетіп жатқан волонтерлерге көмектесуді ұйғардым. Біз Атырау қаласын тасқын судан бірліктің нәтижесінде қорғап қаламыз», - дейді Майкл Окафор.
Шетелдік ойыншы бір күн бойы қапқа құм толтырып, жағалаудағы бөгетті бекітуге үлес қосты.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар өміріне қауіп төнсе, алдын ала хабарланатынын айтты.
Кейін Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырау тұрғындары тасқын суға қарсы бөгет тұрғызуға жұдырықтай жұмылды.