«Атырау» футбол клубы бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз жұмсаған ба

АТЫРАУ. KAZINFORM — «Атырау» футбол клубының бір топ қызметкері жыл басынан бері жалақы төленбегені жөнінде үндеу жолдады. Олар облыс әкімі Серік Шәпкеновтен көмек сұраған еді.

«Атырау» футбол клубы бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз жұмсаған ба
Фото: Pixabay.com

Осыған орай Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы түсінік берді.

Басқарманың мәліметінше, Атырау облыстық прокуратурасы «Атырау» футбол клубы» ЖШС-нің 2022-2024 жылдары аралығындағы қызметін тексеріп, көптеген заңбұзушылықты анықтаған.

— 2023 жылғы ақпанда шетел футболшысына 500 мың еуро трансфер жасалып, оның 420 мың еуросы үшінші тұлғаға (Ресей Федерациясының азаматы) негізсіз аударылған. Делдалмен келісімшарт мәміледен екі апта бұрын жасалған. Бұл оның заңдылығына күмән тудырады. Ал 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясынан 65 млн теңге алынған. Аталған қаржының 20,4 млн теңгесі есептен негізсіз шығарылған. Ал 30 млн теңгені жеткізілмеген тауарлар үшін аударған, — деп хабарлады басқармадан.

Футбол клубы көрсетілген жылдар аралығында 662,7 млн теңге кіріс тапқан. Кірістің 132,5 млн теңгесі бюджетке аударылмаған.

— Құрылтайшыға қаржы есебі жүйелі түрде тапсырылмаған. Футболшылар мен жаттықтырушыға төленетін жалақыны лимиттен асыру дерегі бар. Мәселен, футболшыларға 2 млн теңге лимиттің орнына 3 млн, жаттықтырушыға 4 млн теңге төленген. «Судоремонтник» стадионын және команда автобусын жалға алу келісімінсіз заңсыз пайдаланылған. Жабдықтардың бағасын көтеріп, 180-200 мың теңге тұратын кір жуатын техниканың нарықтағы құнын 1,8 млн теңге деп көрсеткен. Басқармаға биылғы қаңтарға растайтын құжаттарсыз және шығындардың алдын ала келісімінсіз 233 млн теңгеге шот берілді, — деп мәлім етті басқармадан.

Алайда «Атырау» футбол клубының спорттық көрсеткіші жақсармай келеді. Команда 2018, 2019 және 2024 жылы Қазақстан Кубогына қатысқан. Соған қарамастан клуб чемпионатта 7-орыннан жоғары көтерілмеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қылмыстық топ құрып, салық төлеуден жалтарған күдіктіге іздеу жарияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар