«Атырау» футбол клубына бұрынғы 2 легионер қайта оралды

АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау» футбол клубының құрамы тағы 2 легионермен толықты. Екеуі де бұл командада бұған дейін де ойнап кеткен.

«Атырау» футбол клубына бұрынғы 2 легионер қайта оралды
Фото: «Атырау» футбол клубы

Футбол клубы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 2 легионермен келісімшарт жасалған.

Легионердің бірі – Игорь Стасевич Беларусь Республикасының 9 дүркін чемпионы. Сондай-ақ Беларусь кубогін 3 мәрте иеленіп, өз елінде 3 дүркін «Жыл футболшысы» атанған.

– Игорь Стасевич 2023-24 жылғы маусымда «Атырау» клубының намысын қорғаған болатын. Ал 2018-19 жылғы Еуропа лигасының үздік ассистенті былтыр «Атыраумен» бірге Қазақстан кубогінің финалына дейін жеткен еді, - деп хабарлады клубтың баспасөө қызметі.

Беларусь футболшысы бұған «Тұран» командасының құрамында доп тепкен. Ал екінші легионер – Жоэль Нганду Каямба да қайта оралды. Конго Демократиялық Республикасының футболшысы жартылай қорғаушы позициясында ойнайды.

– Қазақстандағы ең көп дриблинг авторының бірі Жоэль Каямба футболдағы мансабын өз еліндегі «Шаркс» командасында бастаған. Кейіннен Чехияның «Глинско», «Пршибрам» және «Виктория» (Пльзень) клубтарында бағын сынады. Түркияның «Самсунспор» мен «Болуспор» клубында ойнап, былтырғы маусымды «Атырауда» өткізді. Ал биыл ливиялық «Әбу Сәлим» клубында ойнады, - деп мәлім етті клубтың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Виталий Жуковский қайтадан «Атырау» командасының бас жаттықтырушысы болғанын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Виталий Жуковскиймен бірге «Атырау» футбол клубына кімдер кері оралғанын жаздық.

Бүгін Виталий Жуковский «Атырау» футбол клубына қанша ойыншыны шақырғанын хабарладық.

Соңғы жаңалықтар